«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» дайын құжаттарды ХҚКО-дан жеткізу сервисі қолжетімді болатын мемлекеттік қызметтердің тізімін кеңейтіп жатыр. Алдағы бір ай ішінде қызметтер қатарына жылжымайтын мүлікті тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу және тарату, сондай-ақ білім беру саласындағы жекелеген мемлекеттік қызметтер қосылады. Бұл азаматтарға дайын құжаттарды алу үшін ХҚКО-ға қайта бармай, оларды көрсетілген мекенжайдан қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінде 15 мемлекеттік қызмет түрі бойынша дайын құжаттарға тапсырыс беруге болады. Олардың қатарында мұрағаттық анықтама беру, баланың тууын және некені бұзуды тіркеу, азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді қалпына келтіру және куәліктерді қайта беру, білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру, сондай-ақ ресми құжаттарға апостиль қою қызметтері бар. Құжаттарды жеткізу сервисіне тапсырысты мемлекеттік қызметті рәсімдеу кезінде беруге болады. Сервис ақылы негізде көрсетіледі.

