Өңірде интернет-алаяқтық фактілері тіпті жиілеп барады. Соңғы кездері пысықайлар өздерін қала әкімдігінің қызметкерлері ретінде де таныстыратын болған. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, бұл дерек шаһар тұрғындарының жасаған шағымдарынан кейін белгілі болған. Қазіргі күні қулардың арбауына түскен 10-нан астам адам бар.
ТИМУР ЖҰМАНОВ, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
— Соңғы уақытта интернет-алаяқтар түрлі айла-тәсілді қолдану үстінде. Олар сіздердің жеке деректеріңізді біліп, иемдену үшін өздерін әкімдік қызметкерлері ретінде таныстыруда. Осы ретте қала тұрғындарын сауысқандай сақ әрі мұқият болуға шақырамыз. Себебі, әкімдік қызметкерлері ешқашан сіздерден СМС-кодты немесе басқа құпия ақпаратты сұрамайды. Бұдан бөлек сенімсіз сайттарға сілтеме жібермейді. Егер сізге осындай қоңырау келіп түссе, дереу ұялы телефонды қойып, байланысты үзіңіз. Керек болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгініңіздер.
Ал қала тұрғындары мұндай алаяқтықтан хабардар ма? Азаматтардың пікірін білдік.
— Маған бірнеше рет белгісіз нөмірден қоңырау түсті. Өздерін банк және коммуналдық мекеме қызметкерлері ретінде таныстырды. СМС-код сұрады. Бірақ мен бірден олардың алаяқ екенін түсініп, телефон тұтқасын қоя салдым”.
— Маған несие рәсімдеуге сәл қалған еді. Дер кезінде қызым келіп қалды. Сөйтіп, алаяқтардың арам пиғылы әшкере болды.
— Маған да алаяқтар жиі хабарласады. Бірақ, мен телефонды бірден өшіріп тастаймын.
— Егер бөгде біреу қоңырау шалса, телефонды көтермеген жөн. Алаяқтармен сөйлесудің қажеті жоқ. Өзім ондай жайтқа тап болған емеспін.
Айта кетейік, жалпы жыл басынан бері өңірде 350-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Қазіргі күні қулардың келтірген жалпы шығын көлемі 800-млн теңгеден асып жығылады.
Ұлан Ыдырыс

