Kurultai banner mobile

Спорт

Алатаудың баурайында бұйырған бас жүлде

Алматыда Dancе Drive атты халықаралық байқау өтті. Сахнадағы сұлу да сымбатты өнерпаздардың сайысына петропавлдық “Движение” халықтық эстрадалық-хореографиялық ансамблі қатысты. Жай ғана қатысқан жоқ. Талантты ұл-қыздарымыз Солтүстік Қазақстан облысының абыройын асқақтатты.

ОЛЬГА ГОЛУБЕВА, “Движение” халықтық эстрадалық-хореографиялық миниатюралар ансамблінің жетекшісі:

— Байқауға Қазақстанның 10-нан астам қаласынан қатысушылар жиналды. Қарсыластарымыз өте мықты болды. Соған қарамастан жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Сайысқа 5 нөмір апардық. Оның екеуі VIP бас жүлде мен ақшалай сыйлыққа ие болды, бір нөміріміз бас жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ, 2 мәрте бірінші орын иелендік. Айта кетерлік тағы бір жайт, “Джексон” қойылымы қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленді.

Бүгінде ансамбльде 80-ге жуық адам өнер көрсетеді. Соның 17-сі Алатау баурайында билеген. Бұл – дарынды ұл-қыздардың ересектер құрамы. Жастар байқауға дайындықты 2 апта бойы қызу жүргізген.

Қазір ансамбль мүшелері жазғы демалыста. Алдағы қыркүйек айында жаңа маусым басталады. Бишілер қайтадан жаттығуға кірісіп, жаңа фестивальдер мен байқауларға дайындықтарын пысықтайтын болады.

Аружан Сұлтанова