Kurultai banner mobile

Мәдениет

Петропавлда Сабантой кең көлемде аталып өтті

Петропавлдың басты алаңына жиналған жұртшылық Сабантойды дүркіретіп тойлап жатыр. Төңіректе ине шаншар орын жоқ. Қарасы қалың халықтың ішінде Ресейден ат терлетіп келген қонақтар да бар. Айнала татар халқының дәстүрінен сыр шертер, ас үйінен дәм татқызар үйлер мен дүңгіршектерге толы. Мәселен, мына бір самаурын мен қазан сонау Татарстан елінен келген.

НАРГИЗ БУБЕКОВ, татарстандық делегация өкілі:

— Мына қазанның көлемі – 1200 литр. Ішіне 10 қойдың еті сыяды. Қазір татардың ұлттық тағамы – шулпа әзірлеп жатырмыз. Қазанда піскен шулпаның дәмі тіл үйіреді. Онымен 4 мың адамды тамақтандыруға болады. Бұдан бөлек Татарстанның астанасы Қазан қаласынан 300 литрлік самауырн алып келдік. Татар шайы ең тәтті. Біз оны шайқурай сынды шөптен қайнатамыз.

Татар асханасы тәтті тағамдардың молдығымен ерекшеленеді. Сол себепті, Татарстаннан келген қонақтар Петропавлға чак-чак, талкыш кәләва, бал қосылған бәліштер мен тоқаштар әкеліп отыр.

ГУЛЬНАРА ГУРГАНОВА, татарстандық делегация өкілі:

— Біз сонау Қазан қаласынан келдік. Бүгін Петропавл тұрғындарына Татар дастарханына ерекше орын алатын тәттілерден дәм таттырамыз. Олардың ішінде бауырсақ, қош теле, чак-чак бар. Мысалы, чак-чактың өзге елдерде көп түрі таралған. Бірақ, нағыз татар чак-чагы бал араластырылып дайындалады. Бұдан бөлек аталмыш тәттінің молдау жасалатын түрі бар. Оны әсіресе тойда жастарға сыйлайды.

Бұдан бөлек басты алаңда татар халқының дәстүрлі кілем тоқу өнері де таныстырылды. Кейін кезек мерекелік бағдарламаға келіп жетті. Кеш қонақтарының назарына ең бірінші болып арнайы театрлық қойылым ұсынылды. Мерекеде Қазақстанның Халық әртісі Розам Рымбаева ән шырқады. Кештің басты хэдлайнерінің өнерінен кейін өңір басшысы Ғауез Торсанұлы сахна төріне шығып, барша татар халқын және облыс тұрғындарын мерекемен құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Баршаңызды ұлттар арасындағы достық пен өзара құрметті дәріптейтін осы тамаша мерекені шын жүректен қарсы алуға қуанштымын.

Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов та жиналған жұртшылықты Сабантоймен құттықтап, Солтүстік Қазақстан облысының халқына ризашылығын білдірді.

РУСТАМ МИННИХАНОВ, Татарстан Республикасының Раисы, РФ:

— Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері тұрады. Олардың қатарында татарлар да бар. Өзге этностар өз мәдениеті мен дінін ұстанып, ана тілінде сөйлей алады. Оған бүгінгі Сабантой мерекесі дәлел. Сол себепті, біз Қазақ елінің халқына, билігіне шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

Арнайы ұйымдастырылған концерт қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты. Мерекелік кеште бұдан бөлек “Алатау серілері” тобы, “Мәңгілік би” ансамблі, сондай-ақ татарстандық танымал өнерпаздар өнер көрсетті.

Ұлан Ыдырыс