Kurultai banner mobile

Спорт

Петропавлда қазақ күресінен ел чемпионаты өз мәресіне жетті

Петропавлда қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі палуандар арасында ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Тау көтерер толағайлардың 3 күнге созылған додасына еліміздің 17 облысының, сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент сынды қалаларынан келген бозкілем шеберлері қатысты. 60 келі салмақ дәрежесінде елорданың өкілі жеңіске жетті.

АЛДАБЕРГЕН НҰРЫМҚОЖА, палуан, Астана қаласы:

— Финалдағы қарсыластарымның барлығы мықты дер едім. Финалда бұрыннан сыйласып жүрген палуанмен күрестім. Жеңіске жеттім. “Спорт шебері” нормативін орындадым.

Солтүстікқазақстандық палуандар намысты қолдан бермеді. Бойдағы күш-жігер, жинаған тәжірибе мен жанкүйерлердің қолдауының арқасында бірнеше палуанымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша теріскейліктер қазақ күресі ондаған жылдар бұрын дамыған өңір спортшыларымен қазір таласа алатындарын дәлелдеді.

АЛТЫНБЕК АУСАҒИТОВ, “Қызылжар арландары” спорт клубының басшысы:

— Кеше солтүстікқазақстандық Әділет Мұрзаш чемпион атанды. Ол аса ауыр салмақта мықтылығын дәлелдеді. Бұдан бөлек те жүлдегерлер бар.

Қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы ел чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жасақталмақ. Үздіктер күзде Түркістан қаласында өтетін Әлем кубогында еліміздің намысын қорғайтын болады.

Ұлан Ыдырыс