Адам жанына тыныштық сыйлайтын су шомылуға арналмаса, қауіп көзіне айналады. Осылай аңдамаған қаншама адам тілсіз жаудың құрбанына айналды. Биыл облыста су айдындарында 16 қайғылы жағдай тіркелді. Осы ретте ТЖД қызметкерлері
жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп “Қауіпсіз су айдындары” рейдін өткізді. Іс-шара барысында мамандар демалушыларға қауіпсіздік шаралары туралы айтты.
МАРИНА САМОЙЛЕНКО, СҚО ТЖД ресми өкілі:
— Суға құтқару жилетін киіп түскен дұрыс. Қайықпен шықсаңыз, тиісті құрал-жабдық пен жүргізу куәлігі болуы керек. Сондай-ақ, суға түсу кезінде ішімдік ішпеу қажет. Балалармен бірге демалатын болсаңыздар, оларды жіті қадағалау керек.
ПАВЕЛ ГУРИМОВ, қала тұрғыны:
— Біз отбасымызбен балық аулауға келдік. Тыйым салынған жерде суға түспеу керек екенін білеміз. Жаңа ғана құтқарушылар жүзіп келіп, бәрін түсіндіріп кетті. Біз бұл жайында білсек те басқалары білмеуі мүмкін. Сондықтан, мұндай іс-шаралардың өткізілуі өте маңызды деп ойлаймын.
Мамандар дронмен Есіл өзенінің бойын қарап шықты. Сондай-ақ, шомылуға тыйым салынған жерлерге арнайы ескерту белгілерін орнатты. Еске сала кетейік, облыста 60-қа жуық өзен мен 2 мыңнан астам көл бар. Аталған су орындарының 61-інде ғана шомылуға рұқсат етілген.
Аружан Сұлтанова

