Kurultai banner mobile

Экология

СҚО-да аумақты қоқыс үйіндісіне айналдыру жайты сиреді

Аққайыңдар өлкесінде адамдардың қоршаған ортаға деген құрметі арта түскендей. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің басшысы Талғат Сәбиевтің баяндамасын тыңдай келе осындай ой түюге болады. Өңірдің бас экологы сандарды жіпке тізді. Цифрларға сүйенсек, аймақта қоқыс тастайтындардың саны сиреген.

ТАЛҒАТ СӘБИЕВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

— 2026 жылы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың 41 орны анықталды. Былтыр – 62; алдыңғы жылы – 116, ал 2023 жылы 198 орын анықталды. Яғни, біз көңіл көншітпейтін көрсеткіштің кемігенін көреміз. Бүгінгі таңда тіркелген 41 орнының барлығы жойылды. Аталған бағыттаға жұмыс жалғасын табады. Біз полиция департаментімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қоқыстар орналасқан жерлерді анықтау және жою шараларын тоқтатпаймыз.

Аймақта қоқыс тастау фактісі сирегенмен, ағаш кесу жайты жиілегендей. Жапырағын кеңге жайған қайың мен терек сұлап түссе, көңілге қаяу да түседі. Дегенмен, спикер табиғаттағы теңгерім сақталып отырғанын алға тартты. Алаңдауға еш негіз жоқ дейді.

ТАЛҒАТ СӘБИЕВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:

— Өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартудың бірден-бір жолы – көгалдандыру. Ағаш егу мәселесіне келсек, табиғатты пайдаланушылар бар. Жасыл желекті кесіп, пайдаға жаратып отырған кәсіпорындармен келісім жасалған. Олар белгілі бір көлемде көшет отырғызу керек. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында 13 гектар жерде ағаш егілу керек. Бұл істі біз бақылайтын боламыз.

Солтүстік Қазақстан облысының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында былтыр 2026-2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, департаментпен және жергілікті атқарушы органдармен келісілді. Жоспар 10 бағыт бойынша 52 іс-шараны қамтиды, олардың болжамды шығындары 9 млрд теңдеген асып жығылады.

Байболат Құлтанов