Kurultai banner mobile

Спорт

Петропавлда қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты басталды

Петропавлда қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі палуандар арасында ел чемпионаты басталды. Тау көтерер толағайлардың додасына жүздеген спортшы қатысуда. Бозкілем шеберлері еліміздің 17 облысының, сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент сынды қалалардың намысын қорғайды.

АЛТЫНБЕК АУСАҒИТОВ, “Қызылжар арландары” спорт клубының басшысы:

— Жарыс шілденің 21-і мен 25-і аралығында өтеді. 500-ге жуық палуан жиналды. Жоғары деңгейдегі шара. Біздің облыстың намысын 18 палуан қорғайды. 8 салмақ дәрежесі бойынша күреседі.

Мұндай деңгейдегі жарыс облыста соңғы рет 2018 жылы өтті. Онда Петропавлда ересектер күресіп, спортсүйер қауымның айызын қандырған еді. Ендігі кезек жастарға келді. “Түйе палуандар” сайысында түркістандық Мейірхан Бейсенәлидің жолы болмады. Оны солтүстік жұрты топқа қосқан жерлесіміз тізе бүктірді. Дегенмен, толағай туған жеріне қола жүлдемен қайтады.

МЕЙІРХАН БЕЙСЕНӘЛИ, палуан, Түркістан облысы:

— Жарысқа жақсы дайындықпен келдім. Алматыда оқу-жаттығу жиыны өтті. Жаңа екінші айналымда Әділет Мұрзаш деген балаға есе жібердім. Бұған дейін оны ұтып едім.

Тартысты белдесулердің әділ өтуін қамтамасыз етуге еліміздің әр өңірінен келген спорт майталмандары жұмылдырылған. Олардың көбі – қазақ күресінен 15-20 жылдан аса тәжірибесі бар адамдар. Жалпы, 18 төреші төрелік етуде. Солардың бірі – Шымкент қаласынан келген Жоғары Ұлттық дәрежелі төреші Олжас Кенеханов. Спортшы қазақ күресімен 14 жыл айналысқан. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын иеленген.

ОЛЖАС КЕНЕХАНОВ, төреші:

— Сайыстың деңгейі өте жоғары. Жарыс үш күнге созылады. Қазіргі таңда қазақ күресі өте жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Жергілікті палуандардың даму көрсеткіші жоғары. Қазақ күресі дами берсін.

Қазақ күресінен 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы ел чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жасақталмақ. Үздіктер күзде Түркістан қаласында өтетін Әлем кубогында еліміздің намысын қорғайтын болады.

Жаннұр Бектұрғанова