Петропавлдағы “Жас Өркен” спорт кешенінде “Заң және Тәртіп” республикалық тұжырымдамасы аясында “Таза ойындар” атты командалық квест ойыны өтті. Сонымен қатар, жастарға спорт кешені ішінде экскурсия өткізілді. Ұйымдастырушылар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын сақтаудағы жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ ұл-қыздардың командалық жұмыс дағдыларын дамытуды көздейді.
ТОМИРИС СӘДУАҚАСОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкері:
— Бағдарлама “Жас Өркен” жаңа спорт кешенімен танысудан басталады. Онда мамандар жастарды спорт нысанының мүмкіндіктерімен таныстырып, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама өткізеді. Одан кейін кешеннің спорт залдарының бірінде Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің өкілдерімен бірлесіп командалық квест-ойын ұйымдастырылады.
Шараға қала жастары мен белсенділерінен құралған 40 адам қатысты. Барлығы үш командаға бөлінді. Қатысушылар кешен алаңында спорттық, зияткерлік және жағдайлық тапсырмаларды орындады. Сынақ барысында өз білімдерін тексеріп қана қоймай, қауіпсіз әрі жауапты мінез-құлық мәселелері бойынша қаншалықты хабардарлығын көрсетті.
ОЛЖАС ҚИСАЕВ, қатысушы:
— Мұндай ойынға бірінші рет қатысып отырмын. Квестке дейін бізге экскурсия өткізілген болатын. Бассейн мен мұз айдынын көрдік. Менің кейбір достарым осы жердегі спорт үйірмелеріне де жазылып үлгерді. Командамның аты – “Победа”. Бірінші орын аламыз деп ойлаймын.
Жарыстың қорытындысы бойынша “Бірлік” командасы жеңіске жетті. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге медаль және арнайы сыйлықтар табысталды.
Жаннұр Бектұрғанова

