Kurultai banner mobile

СҚО әкімдігі

Еңбекті сүйген елді мекен

“Целинное-2004” – Ғ.Мүсірепов ауданы мақтана айтатын серіктестік. Агроқұрылым егіс көлемін жыл сайын ұлғайтып, заманауи агротехнологияларды кеңінен қолдануда. Шаруашылық ауыспалы егіс жүйесін сақтайды. Дәнді, майлы және бұршақты дақылдарды өсіруге ерекше көңіл бөледі. Бұл сапалы әрі мол өнім алуға мүмкіндік береді.

АНАТОЛИЙ КОРОЛЬЧУК, “Целинное-2004” ЖШС бас агрономы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

— Шаруашылықтың жалпы егіс алқабы 31 мың 650 гектарды құрайды. Биыл оның 14,5 мың гектарына – бидай, 4 мың 200 гектарына – арпа, ал 4 мың 115 гектарына зығыр егілді. Егістікке жүйелі түрде күтім жасаймыз. Жақында барлық алқапта екінші рет өңдеу жұмыстарын аяқтадық. Егінді арамшөптен, аурулар мен зиянкестерден қорғау үшін арнайы дәрілер септік. Сонымен қатар, өсімдіктің жақсы өсуі үшін топыраққа сұйық тыңайтқыштар енгіздік.

Егіс алқаптарында таңсәріден кеш батқанға дейін ауыл тұрғындары еңбек етеді. “Целинное-2004” серіктестігінің басшысы Серік Ибраевтың сөзінше, кәсіптің өрге басуы бірінші кезекте осы жұмысшыларға байланысты. Сондықтан, кәсіпкер мамандарға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп келеді.

СЕРІК ИБРАЕВ, “Целинное-2004” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

— Біздің аумақта төрт бригада жұмыс істейді. Әр бригадада асхана, монша және жатақхана бар. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Техниканы жөндеуге де мүмкіндіктер қарастырдық. Адамдар жақсы жұмыс істеп, уақытында тамақтанып, демалуы үшін көңіл бөлеміз. Нәтижесінде еңбек өнімділігі де артты.

Жұмысшылардың сөзінше, серіктестікте айлық уақытылы төленеді. Ерінбей еңбек етсең болғаны. Қазіргі күні Целинное елді мекені де даму үстінде. Алдағы уақытта агроқұрылым басшысы ауылды көркейтуге күш салмақ.

Ұлан Ыдырыс