Қаңтар айында Мемлекет басшысы “Turkistan” газетіне берген сұхбатында кәсіпкерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы айтқан болатын. Президент бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі өңірлердің тұрақты дамуына және ел экономикасының нығаюына оң әсер ететінін атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Бізге халық алдындағы жауапкершілігін жақсы білетін әрі соны терең түсінетін ұлттық буржуазия керек. Себебі, халық болмаса, олар ешқашан табысқа жете алмас еді. Мен қоғамның игілігіне қызмет ету билік жүктеген міндет емес, мәртебелі парыз екенін тағы да олардың есіне салдым. Шетелде табысқа жетсе де, туған жерін ұмытпай, халқына көмектесіп жүрген ірі кәсіпкерлерді жақсы үлгі ретінде атап өттім.
Мемлекет басшысының пікірін Азат Заляев қолдайды. Жерлесіміз -“RM STONE” серіктестігінің директоры. 3 жылдан бері Бескөл ауылында кәсібін дөңгелетіп келеді. Былтыр азамат аудан орталығының дамуына өз үлесімді қосамын деп шешім қабылдаған.
АЗАТ ЗАЛЯЕВ, “RM STONE” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
— Біздің кәсіпорын осы Бескөл ауылында орналасқан. Серіктестік кран жабдықтары мен металл құрылымдарын шығарады. Бұдан бөлек, кіші сәулет нысандарын жасаймыз. Оған орындықтар, гүлзар қоршаулары, темірден жасалған шамдар кіреді. Біздің өнім Қарағанды, Алматы, Ақтөбе қалаларында сұранысқа ие. Ауылдың дамуына үлес қосқым келді. Әкімдікке барып, өтініш білдірдім, олар маған осы саябақты жөндеуді ұсынды мен келісе кеттім.
Жергілікті кәсіпкер күрделі жөндеу жұмыстарына өз қалтасынан 160 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Қазіргі таңда жұмыстар 80 пайызға аяқталды.
АЗАТ ЗАЛЯЕВ, “RM STONE” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
— Арнайы жоба жасап шығардық. Соның аясында жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Ең басында тас төсемені ауыстырдық. Кейін ескірген құрылымдарды алып тастадық. Мұндағы жұмысшылар менің қоластымда еңбек етеді. Мұнда қойылатын орындықтар, темірден жасалған шамдар, қоршаулар – “RM STONE” серіктестігінің өнімі. Алдағы уақытта саябақтағы стелланы да жөндейміз. Оған арнайы мамандарды жалдап қойдым.
Көп жылдан бері жөндеу көріп жатқан саябаққа Бескөл тұрғындары дән риза. Айта кетейік, Бескөл ауылында жөндеу көріп жатқан саябақ халық игілігіне айдың соңында беріледі.
Ұлан Ыдырыс

