БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
— Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, шыбындай жанымыз шүберекке түйілетіні рас. Балалар ауырса, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрыламыз. Мұнда сәтте келетін жеріміз – аурухана, ал сенетін сиқыршымыз – дәрігер. Ақ халатты абзал жандар өзара тәжірибе алмасады, іс-сапарларға шығады. Міне, сондай сапар СҚО-ға жасалды. Астанадан ат терлетіп білікті кардиохирур пен УЗИ дәрігері келді.
Ультрадыбыстық зерттеуді Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың интервенциялық кардиологы Райхан Дощанова жасайды. Маман алғаш қабылдаған науқас – небәрі 2 ай бұрын өмірге келген бала. Туған кезде сәбидің жүрегінде ақау, нақтылай түссек, қан айналымын бұзатын тесік бары айтылыпты. Шақшадай басы шарадай болған ана өзін де, перзентін де видеоға түсірмеуді сұрады. Дегенмен, көп ұзамай жүзінде қуаныштың белгісі байқалды. Жеті рет өлшеп, бір рет кесер елордалық дәрігер дүрлігетін дерекпен бөліспеді.
РАЙХАН ДОЩАНОВА, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ балалар кардиохирургі, Астана:
— Бұл балада “порок сердце” жоқ. “Открытое овальное окно” деген түсінік бар. Соны көріп отырмыз. Ол қорқынышты емес.
Әріптесінің пікірімен астаналық балалар кардиохирургі Ербол Алдабергенов толық келіседі. Бұл ақаудың қауіпсіз түрі екен. Небәрі 2 мм тесік ананы да, баланы да уайымдатпайды.
ЕРБОЛ АЛДАБЕРГЕНОВ, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ балалар кардиохирургі, Астана:
— Жүректің ішінде тесігі бар. Баланың өмір сүруіне кедергі келтірмейді.
Жүрек ішіндегі қан айналымын бұзатын, оттегінің жетіспеушілігіне және жүрек жеткіліксіздігіне әкелетін тесік қалай пайда болады? Орайы келіп тұрғанда сауалды кардиохирургке қойдық. Сөйтсек, қарапайым қағидаларды назарда ұстау керек екен.
ЕРБОЛ АЛДАБЕРГЕНОВ, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ балалар кардиохирургі, Астана:
— Себептері әлі зерттеліп жатыр. 3-4 себебін айта аламын. Біріншісі – инфекция. Әкесінде немесе шешесінде инфекция болса, ауру пайда болуы мүмкін. Екіншіден – туа біткен ауру. Үшінші – жүктілік кезінде әйелдің тұмаумен ауыруы, вирус жұқтыруы.
Ал камераға түсіруге анасы рұқсат берген Матвейге бұған дейін ультрадыбыстық зерттеу де, операция да жасалыпты. 2024 жылы жүрекшеаралық пердедегі тесік жабылған. Балақай қазір өзін жақсы сезінеді. Дегенмен, оны алда тағы бір сынақ күтіп тұр.
ЕРБОЛ АЛДАБЕРГЕНОВ, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ балалар кардиохирургі, Астана:
— Бұл кісілерді мазалайтын мәселе – жаққа ота жасату. Соған бізден рұқсат алғысы келеді. Рұқсат бердік. Сонымен қатар, балада эпилепсия бар екен. Сол үшін невропатолог дәрігерге жібердік.
Елордалық дәрігерлердің қабылдауына 10-нан астам адам жазылған. Мамандар барлығын қабылдады. Келушілердің арасында бұған дейін Ұлттық ғылыми медициналық орталықта ем қабылдаған жерлестеріміз де болды.
ЛЮЦИЯ ХУСНУТДИНОВА, қала тұрғыны:
— Осыдан 1 жарым жыл бұрын Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта қызыма ота жасалды. Жүректегі тесігі окклюдер арқылы жабылды. Операция сәтті өтті. Қызым көп ұзамай аяққа тұрды, қазір өзін жақсы сезінеді. Мамандарына алғысымыз шексіз. Бүгін қабылдау жүргізетінін естіп, тексерілуді жөн көрдік. Мұндай мүмкіндік жиі туа бермейді.
Өкінішке қарай, өңірімізде жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан балалардың саны артып келеді. Бүгінде есепке жүздеген ұл-қыз алынған.
ШОЛПАН БАЙҚАБЕКОВА, СҚО көпбейінді балалар ауруханасының балалар кардиохирургі:
— Науқас бала өте көп. Қазір облыста 600-ге жуық бала есепте тұр. Бір бөлігіне ота жасалған, қалғаны бақылауда.
Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың дәрігерлері Петропавлда 2 күн болды. Алдағы уақытта да ат ізін салып, кішкентай науқастарды қабылдау – жоспарларында бар жұмыс.

