Елордада Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың қатысуымен кезекті Үкімет отырысы өтті. Оның барысында биылғы жылдың алғашқы алты айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің игерілуі талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің мәліметінше, қазіргі таңда жалпы ішкі өнім 4,1 пайызға өскен.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
— Инвестициялар өсу драйвері болып қала беруде. Бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,5 трлн теңгені құрап, 9,6%-ға өсті. Оның ішінде жеке инвестициялар 21,4%-ға ұлғайды. Инвестициялардың неғұрлым көп өсуі келесі салаларда байқалады: ақпарат және байланыста – 2,3 есеге, құрылыста – 38,7%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 33,3%-ға, ауыл шаруашылығында – 34,6%-ға, көлік саласында – 11,6%-ға. Инвестициялардың жоғары өсуі Ұлытау, Жамбыл, Түркістан, Абай облыстарында байқалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың құрылымы өзгеруде. Жеке инвестициялардың үлесі 87%-ды құрады.
Биыл республикалық бюджетке түскен кіріс 8,5 трлн теңгеге жеткен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға көп. Бұдан бөлек шығыстар 98,2%-ға орындалды. Зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге 3,6 трлн теңге, өңірлерді қолдауға 3 трлн теңге, нақты секторға 1,3 трлн теңге бағытталды
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
Жаңа Конституцияның қабылдануымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында тұрақты экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу үдерісі жүріп жатыр. Экономиканы белсенді әртараптандыру, заманауи инвестициялық экожүйені қалыптастыру, инновациялық кластерлер мен өнімділігі жоғары индустрияларды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Үкіметтің қадамы экономика салаларында қолда бар әлеуетті барынша тиімді пайдалануға бағытталып отыр.
Бұдан бөлек Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты тұлғаларға тұрақты экономикалық өсу бойынша бірқатар тапсырма берді. Бұл бағытта шекара маңындағы өңірлердің, сондай-ақ туристік тартымдылығы жоғары аумақтардың мүмкіндіктері мол. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетін пайдаланып, олардың базасында заманауи сауда, қайта өңдеу және кәсіпкерлік орталықтарын дамыту қажет. Өңір әкімдіктеріне аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын нақты өндіріс орындарын, инвестициялық жобаларды және тауар айналымын ұлғайту жөніндегі нысаналы көрсеткіштерді айқындай отырып, бір ай мерзімде Сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын әзірлеу тапсырылды.Барлық мемлекеттік органдар «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп, өңірлердегі кәсіпкерлермен олардың бизнес-бастамаларын жан-жақты қолдау мақсатында өзара тығыз жұмыс істеуі қажет делінді жиында.
Ұлан Ыдырыс

