Петропавлда облыс орталығының туған күніне арналған шаралар толастаған жоқ. Жексенбі күні қала тұрғындары мен қонақтар басты алаңда бастау алған концертке жиылды. Қалың қауымды өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов мерекемен құттықтады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Петропавлдың өсіп-өркендеуі – баршамыздың ортақ жетістігіміз. Еліміздің дамуына үлес қосып, болашақ ұрпақ мақтан ететін көркем де қуатты қаланы бірге қалыптастыра берейік. Туған қаламыздың абыройы асқақтап, әр-шаңыраққа құт-береке мен шаттық орнасын.
Облыс басшысы өз сөзінде білім беру, денсаулық сақтау, инженерия, энергетика секілді салаларда әлеует болып қызмет етіп келе жатқан отбасыларға алғысын білдіріп, күшіне енген жаңа Конституцияның арнайы басылымын табыстады. Олар – өңірдің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан жандар.
Өңірдің үздік әншілері мен би ұжымдары мереке көркін қыздырды. Олардың өнеріне тамсанған көрермен сәлден кейін қазақ эстрадасының жарық жұлдызы – Нұрболат Абдуллиннің өнерін тамашалады.
Алаңдағы көңіл-күй шарықтап тұр. Жұрттың қуаныш лебі мен көңіл-күйін сөзбен жеткізу қиын. Сахна төріне кештің тағы бір жұлдызы, жастардың сүйікті әншісі, Қазақстанда ғана емес, шет елде де топ жарып жүрген қазақтың рэпер қызы – Yenlik шықты.
Іс-шараның соңы Петропавлдың түнгі аспанын жарқыратқан ауқымды отшашумен аяқталды.
Жаннұр Бектұрғанова

