migration.enbek.kz порталында ерікті қоныс аудару мүмкіндігін қарастырып жүрген азаматтарға арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Платформа қоныстандыру өңірлеріндегі қабылдау шарттарымен танысуға, сондай-ақ ресми жұмысқа орналасуға сұранысқа ие мамандықтардың өзекті тізімін көруге мүмкіндік береді. Пайдаланушылар өздерін қызықтыратын өңірді таңдап, сол аймақтағы бос жұмыс орындары, мемлекеттік қолдау шаралары, тұрғын үй жағдайлары және бағдарламаға қатысушыларға ұсынылатын өзге де мүмкіндіктер туралы ақпаратты бірден ала алады.
Порталда сұранысқа ие мамандықтар тізіміне ерекше назар аударылған. Бұл азаматтарға қоныс аудармас бұрын еңбек нарығындағы өз мүмкіндіктерін алдын ала бағалауға жол ашады.
Сұранысқа ие мамандықтар:
Денсаулық сақтау – дәрігерлер, мейіргерлер және өзге де медицина қызметкерлері;
Білім беру – мұғалімдер, мектепке дейінгі және орта білім беру педагогтері;
Инженерлік-техникалық бағыт – түрлі техникалық мамандық иелері;
Ауыл шаруашылығы – агрономдар, ветеринарлар және салалық мамандар;
Көлік – механизаторлар, тракторшылар және жүргізушілер;
Жұмысшы мамандықтары – электр монтерлері, электр мамандары, дәнекерлеушілер, токарьлар;
Құрылыс – тас қалаушылар, бетоншылар, монтажшылар және әрлеушілер;
Басқару және әлеуметтік сала – бухгалтерлер, экономистер, мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандары))
Аталған тізім өңірлік еңбек нарықтарының сұранысына сәйкес тұрақты түрде жаңартылып отырады. Сервистің интерактивті картасында елді мекендер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым және кеңес алуға арналған байланыс деректері туралы мәліметтер де орналастырылған. Еске салсақ, ҚР Үкіметі 2026 жылға арналған ерікті қоныс аудару өңірлері ретінде Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарын айқындады.

