Алматы қаласында ТЖМ-нің қолдауымен волонтерлердің республикалық форумы өтіп жатыр. Іс-шараға еліміздің 20 өңірінен келген 100-ден астам ерікті қатысуда. Олардың қатарында теріскейлік жанашыр жандар да бар. Форум барысында қатысушылар төтенше жағдайлардың алдын алу, алғашқы медициналық көмек көрсету, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсету бойынша тәжірибе алмасты. Бұдан бөлек волонтерлер құтқарушылармен бірге арнайы тактикалық оқу-жаттығуларға қатысты. Мамандардың айтуынша, мұндай форумдар еріктілер мен төтенше жағдайлар қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, халыққа жедел көмек көрсету барысында тиімділікті арттырады.

