Үкімет қаулысымен резервтен облыс орталығындағы жылу магистралінің құрылысын аяқтауға шамамен 650 млн теңге бөлінді. Жүйелі жаңғырту Мемлекет басшысының Парламент палаталарының бірлескен отырысында еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық әлеуетін нығайту жөнінде берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Қаражат Ж.Жабаев-А.Шәжімбаев-Новая –Ы.Алтынсарин көшелері бойындағы учаскелердегі жылу желісінің құрылысына бағытталған. Биыл 1 жарым шақырымға жуығы демонтаждалып, жаңа жылу желілері тартылады. Өткен жылы 700 метрі жаңартылған.
НҰРЛАН КЕҢЕСОВ – облыс әкімінің орынбасары:
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жылумен жабдықтау бойынша жобаларды іске асыру басталды. Бұл жұмыстар СҚО-да да жүргізіліп жатыр. Осы тапсырма аясында өткен жылы Петропавл қаласындағы әбден тозған 2-ші магистральды қайта жаңғырту жобасы басталды. Жобаның жалпы құны – 5,9 млрд теңге. Қазіргі уақытта ұзындығы 2,1 шақырым болатын жылу желісін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаны толық аяқтау үшін қосымша 648 млн теңге қажет болды. Осыған байланысты Үкімет аталған қаражатты резерв есебінен бөлу туралы шешім қабылдады. Жоба іске асырылғаннан кейін жылу магистралі толық жаңартылып, 30 мыңнан астам қала тұрғынын немесе 200-ден астам көппәтерлі үй мен әлеуметтік сала нысанын тұрақты жылумен қамту мүмкіндігі артады. Сонымен қатар, алдағы жылыту маусымына 75 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 млрд теңгеге көп.

