Солтүстік Қазақстан облысында игі дәстүр жалғасын тапты. Шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні Аналар кеңесінің өкілдері перзентханада болды. Мақсат айқын – мерекеде өмірге сәби әкелген бірінші ананы құттықтау, даламыздың үні болған мұрамызды табыстау.
Ұлттық домбыра күні облыстық перинаталдық орталықта тізгін тартар дүниеге келді. Есімі – Расул. Болашақта ұлттың ұлықты ұлы болсын деген ниетпен анасына музыкалық аспап табысталды. Жүрекжарды тілектер айтылып, бата берілді.
Расул түнгі 1 жарымда жарық дүниенің есігін ашқан. Отбасындағы үшінші бала, үшінші ұл. Ат жалын тартып мінер батырлардың анасы құттықтауға қуанып қалды.
АЙГҮЛ ИКАНОВА, қала тұрғыны:
— Менің мамандығым – тәрбиеші, ал жолдасым жедел жәрдем бригасында қызмет етеді. Ұлымыздың аман-есен өмірге келгеніне қуанып жатырмыз. Перинаталдық орталықтың мамандарына алғысым шексіз. Сонымен қатар, бүгін құттықтап келіп отырған жандарға басымды иіп, ризашылығымды білдіремін. Домбыраны төрге іліп қоямыз. Үйімізде ешкім ән айтып, күй шерпейді. Ал Расулым болашақта сахнадан түспейді деген үміттемін.
Мерекеде босанған ананы құттықтау, сәбиге ерекше сыйлық табыстау – өңірімізде қалыптасқан дәстүр. Ырым десек те болады. Облыстық Аналар кеңесінің өкілдері келешекте ұл-қыздар Жамбылдай ақын, Динадай күйші болсын, бойында ұлттық рухы туласын дейді.
ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, СҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы:
— Домбыра – ұлттың үні. Осы үнді ұрпаққа жеткізу – біздің міндет. Нәрестелер өмірге келетін жерге 6 рет келіп отырмыз. Дәстүрге айналып кетті. Болашақта Расулмен баршамыз мақтанатын болайық.
Қоса кетейік, Ұлттық домбыра күні облыстық перинаталдық орталықта 11 бала туды. 4 ұл және 7 қыз. Еліміздің болашағы саналатын бұл сәбилердің де аналары құттықтаусыз, сыйлықсыз қалмады.
Байболат Құлтанов

