Konstitutsia banner mobile

СҚО әкімдігіБалалар

«Достық» білім беру-сауықтыру орталығында жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылды

«Достық» балалар білім беру-сауықтыру орталығында екінші ауысым осыдан төрт күн бұрын басталды. Бұл жолы орталыққа 210 бала қабылданды. Ауысым «Тәні саудың – жаны сау» деген атаумен өтіп жатыр. Жаз бойы балалар үшін спорттық жарыстар, шығармашылық кездесулер мен түрлі командалық ойындар ұйымдастырылады. Мұнда Солтүстік Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен келген 10 мен 16 жас аралығындағы балалар демалуда. Әмір Дүйсембай үшін бұл – білім беру- сауықтыру орталығындағы алғашқы демалысы. Ол мұнда аз уақыттың ішінде жаңа ортаға бейімделіп, қатарластарымен достасып үлгерген.

СНХР: ӘМІР ДҮЙСЕМБАЙ – оқушы:

— Бүгінгі күн білім беру–сауықтыру орталығында демалушылар үшін тек спорттық емес, танымдық мазмұнға да толы болды. Балалар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналған іс-шараларға қатысты. Бағдарлама аясында салтанатты сап түзеу рәсімі, флешмоб, спорттық эстафеталар және шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды.

ЕЛЕНА БЛЕДНЫХ, «Достық» балалар білім беру-сауықтыру орталығының директоры:

— Алдымен балалар салтанатты сап түзеуге қатысады. Онда жаңа Ата Заңның маңызы мен оның қоғамдағы рөлі туралы ақпарат беріледі. Одан кейін барлық тәрбиеленушілер қатысатын флешмоб өтеді. Сондай-ақ, әрбір жасақ спорт алаңында эстафеталық жарыстарға қатысады. Бұдан бөлек, «Менің Отаным – менің Қазақстаным» тақырыбында сурет байқауы ұйымдастырылды. Осындай іс-шаралар арқылы балалардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз.

«Достықтағы» жазғы демалыс маусымы жалғасуда. Алда балаларды қызықты шығармашылық жобалар мен түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар күтуде. Көпшілік үшін бұл орталық жаңа білім алып, ұмытылмас әсерге бөленіп, жаңа достар табатын ерекше орынға айналып отыр.