Konstitutsia bannerKonstitutsia banner mobile

Қоғам

Тайынша ауданында күрделі жөндеу көрген теміржол вокзалы қолданысқа берілді

Тайынша ауданында қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы қолданысқа берілді. Ғимарат 1958 жылы ашылған. Содан бері тек ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізіліпті. Сенбі күні станцияның ашылу салтанаты өтті. Шараға аймақ басшысының орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты.

НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

—  Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлуде. Нәтижесінде облыста Тайынша, Саумалкөл және Жаңаесіл теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды.

Бұл теміржол вокзалының Тайынша ауданы тұрғындары үшін маңызы зор. Себебі, станция арқылы күніне ондаған адам еліміздің түкпір-түкпіріне қатынайды. “Сондықтан оларға бар жағдай жасалуы қажет”, – дейді “Тайынша” теміржол бекетінің бастығы Ержан Рахимов.

ЕРЖАН РАХИМОВ, “Тайынша” теміржол бекетінің бастығы, Тайынша ауданы:

— Күніне “Тайынша” теміржол вокзалы 80-ге жуық адамға қызмет көрсетеді. Станциядан 16 пойыз жүріп өтеді. Тайынша қаласында барлығы 12 мың адам тұрады.

Ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін Нұрлан Кеңесов теміржол вокзалының тыныс-тіршілігімен танысты. Бүгінде нысан адам танымастай өзгерген. Инженерлік желілері, қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылыпты. Сонымен қатар, аумақ толығымен абаттандырылған. Айта кету керек, маңызды іспен жергілікті серіктестік айналысты.

ЖАНАТ ЖҰМАҒҰЛОВ, “Big Town Engineriing” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

— Теміржол станциясы ғимаратының іргетасы мен қабырғасынан басқа барлық жері толығымен жаңартылды. Маңызды істі былтыр мамыр айында бастадық. Күрделі жөндеу жұмыстарына 500 млн теңге жуық қаржы бөлінді. Аумақта 30-ға жуық адам еңбек етті. Атқарылған жұмыс халықтың көңілінен шығады деп ойлаймын.

Теміржол вокзалында жолаушыларға бар жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындар бар. Бүгінде нысан қауіпсіздік және қызмет көрсету сапасы бойынша заманауи талаптарға сай келеді. Бұл сөзімізді Тайынша ауданының тұрғындары да растап отыр. Айта кету керек, қазіргі таңда республика бойынша 124 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылуда.

Нұрасыл Ахмет