Петропавлда “жегені жантақ, арқалағаны алтын” жандар кезекті мәрте бас қосты. Бұл – дәстүрлі жиын. Маусымның соңында атап өтілетін кәсіби мереке алдында Журналистер одағына мүшелік ететін жерлестеріміз қауышып, құттықтау қабылдайды. Түрлі марапат табысталады.
Бүгінгі таңда Журналистер одағына облыста 120 жуық адам мүшелік етеді. Қатар биыл да толықты. Тізімге қосылған әріптесіміздің бірі – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқан. Ол билік пен бұқаралық ақпарат құралдарын, халықты байланыстырып жүр.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
— “Қазақстан Журналистер одағының” мүшесі болу – мен үшін абырой. Маған артылған жауапкершілік жүгі ауыр деп есептеймін. Сенімді ақтауға тырысамын.
Өңір өзінің БАҚ өкілдерімен танымал. Теріскейден тісқаққан жаңалық жаршылары жиі шығады. Бұл дайындаушы “мектептің” жоғары сапасын білдіреді.
ЗӘУРЕ ЖҰМАЛИЕВА, ҚР Журналистер одағы СҚОФ мүшесі:
— Облыс журналистерінің жұмысын жоғары бағалаймын. Республикалық телеарналарда жұмыс істеп жүрген түлектеріміз де абыройға ие. Теріскейлік БАҚ өкілдері шығарған жаңалықтар миллиондап қаралым жинайды. Бұл жүйелі жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады деп ойлаймын.
Журналистер одағы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы мүшелерінің бұл жолғы басқосуы Қозыбаев университеті қабырғасында өтті. БАҚ өкілдерін алдағы мерекемен білім ордасының Басқарма Төрағасы-Ректоры Ербол Исақаев та құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Нұрасыл Ахмет