Есіл ауданында ұлттық спорт түрлерінен “Қызылжар-2026” облыстық спартакиадасының ашылу салтанаты өтті. Дүбірлі додаға “Сен тұр, мен атайын” дейтін 700-ге жуық спортшы қатысуда. Бұлай айтуымызға себеп бар. Себебі, жарысқа келген спортшылардың барлығы республикалық және облыстық додаларға атой салған.
АЗАМАТ ШОТКИН, Есіл ауданы спорт бөлімінің басшысы:
— Спартакиада 11 спорт түрі бойынша өтеді. Олар: қазақ күресі, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, ат жарыс және т.б. Осы сияқты жарыстар арқылы ұлттық спортымызды дамытып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіргіміз келеді.
Шараның ең есте қаларлық сәті – спортшылардың шеруі. Әр ауданның командасы кезек-кезекпен жанкүйерлердің алдынан жүріп өтті. Бәсі биік бәсекеде Шал ақын ауданының намысын 60-қа жуық спортшы қорғайды. Айта кету керек, аталған ауданның құрамасы жарыс фавориті саналады.
ӘСЕТ БӨСКЕЕВ, Шал ақын ауданы спорт бөлімінің басшысы:
— Облыстық спартакиада алдында ауданда іріктеу өтті. Есіл ауданына тек мықтыларды әкелдік. 2022-2024 жылдары өткен спартакиадада жалпыкомандалық есепте топ жардық. Былтыр тұғырдың екінші сатысынан көріндік.
Театрландырылған қойылым, әсем би мен рухты әндер. Спартакиаданың ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Шараға аймақ басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов арнайы келіп, спортшыларға сәттілік тіледі.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Ұлттық спорт – халқымыздың рухани мұрасы, ата-бабадан қалған асыл қазына. Ол бізге күш пен шеберлікті ғана емес, ұлттық құндылықтарды қастерлеуді, тарихымызды құрметтеуді үйретеді.
Спартакиадаға құрыш білекті, түкті жүректі спортшылар қатысуда. Әрқайсысының мойнына артылған жауапкершілік ауыр. Мұнда барлығы чемпион болуға келді. Сондықтан жарыстар өте тартысты өтетіні сөзсіз. Айта кету керек, дүбірлі додаға қатысушылардың арасында 60-ты алқымдаған ардагерлер де бар.
СӘЛІМБАЙ САДУЕВ, спартакиадаға қатысушы, Жамбыл ауданы:
— Спортта жүргеніме 40 жылдан асты. Қазақ күресінен спорт шеберімін. Қазіргі таңда асық атумен айналысамын.
Шараға жанкүйерлерлер көп жиналды. Ашылу салтанаты олардың көңілінен шыққан. Осымен ұлттық спорт түрлерінен “Қызылжар-2026” облыстық спартакиадасының ашылу салтанаты өз мәресіне жетті. Спортшылар 27-ші маусымға дейін өзара мықтыны анықтайды. Оқ бойы озық шыққандары өңір намысын республикалық додада қорғайды.
Нұрасыл Ахмет