Аққайыңдар өлкесінде «AGROҚолдау-2026» жобасын іске асыру жұмыстары белсенді жалғасуда. Бастама аясында Тайынша ауданында ғылыми-консультациялық кездесу өтті. Жиында төрт түлік азығын өндіруді дамыту және мал шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу мүмкіндіктері талқыға салынды.
АЛТЫНБЕК АБДОЛЛАЕВ, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:
— 4 ауданнан келген мамандарға барлығын көрсеттік. Олар: Аққайың, Тайынша, Уәлиханов, Ақжар ауданы. Қонақтарға мал шаруашылығы жайлы кеңінен баяндадық. Қызықты өтті, сұрақтар қойылды.
Кездесу аясында ірі қара малды азықтандыру және ұстау бойынша ақыл-кеңестер айтылды. Кирилл Антонов – Ресейден арнайы келген сарапшы. Ол энергетикалық қоспаларды қабылдау жөнінде баяндама әзірлеген. Сөзінше, мұндай дүниелер – сапалы сүт өнімдерінің негізі.
КИРИЛЛ АНТОНОВ, энергетикалық қоспа өндіретін компания өкілі, РФ:
— Біз Қазақстанға өзіміздің энергетикалық қоспаларымызбен келдік. Мына май жайлы айтарымыз мол. Өнім жануарлар үшін өте пайдалы қасиеттерге ие, ол сүттің майлылығын да, мөлшерін де арттыруға көмектеседі. Егер біз сиырға қажетті мөлшерде энергия бермесек, қажетті көлемде шикізат та алмаймыз.
Ғылыми-консультациялық кездесу қатысушылары далада да бас қосты. Мұнда мал шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу жайы сөз болды. Таныстырылған жаңашылдықтың бірі – электронды бақташы. Бойында тоғы бар сымнан тұратын қоршау шаруалардың жұмысын жеңілдетті.
АЛТЫНБЕК АБДОЛЛАЕВ, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:
— Ешқандай бақташы керек емес. Сауылатын сиырлардың мойындарында арнайы жүйе де болады. Сол арқылы үйде отырған иесі сүт көлемін біліп отырады.
«AGROҚолдау-2026» жобасы аясындағы келесі семинар Айыртау ауданында өтеді. Тағы да білікті мамандар жиналатын шара шілде айына жоспарланған.
Байболат Құлтанов