“Не көрсем де Алаш үшін көргенім. Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім”. Бұл – қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың сөзі. Ақын 1893 жылы Мағжан Жұмабаев ауданы Сасықкөл ауылында дүниеге келген. Біртуар тұлға 1905-1910 жылдары Қызылжар қаласындағы медреседе оқып, шығыс тілдерін меңгерген, әдебиетпен шұғылданған. Кейін Башқұртстандағы танымал оқу орнына түсіп, білімін молайтады. 1923-1926 жылдары Мәскеудегі өнер институтында тәлім алады. 1927 жылы елге оралып, оқытушылықпен айналысады. Біреу білсе, біреу білмес Алаштың асыл ұлы Петропавлдағы өзінің аты берілген колледжде еңбек еткен. Бар ақпармен ақиық ақынның немере қарындасы Гүлмира Бекенова бөлісті.
ГҮЛМИРА БЕКЕНОВА, Мағжан Жұмабаевтың немере қарындасы:
— Мағжан Жұмабаев 1929 жылы дәл осы білім ұясына жұмысқа орналасады. Балаларды қазақ тілі мен әдебиетіне баулиды. Студенттер әрдайым Мағжанның біліміне тәнті болды.
Қазіргі таңда ақиық ақынның аты берілген колледжде танымдық шаралар жиі өтеді. Оқу орнында тәлім алып жүрген студенттердің әрқайсысы кемінде Мағжанның 10 өлеңін жатқа біледі. Педагогтер студенттерді Алаш арысының қалдырып кеткен мұрасы бойынша оқытады.
ГҮЛМИРА БЕКЕНОВА, Мағжан Жұмабаевтың немере қарындасы:
— Қазақ зиялыларының ішінде “педагогика” туралы еңбекті алғаш болып Мағжан жазған. Туындыда баланы қалай тәрбиелеу қажеттігі бүге-шүгесіне дейін айтылған. Оны педагогтер сабақта пайдаланады.
Мағжан өзінің жырлары арқылы қазақты күн сөнгенше сөнбейтін ұлтқа айналдырғысы келді. Жастарға сенді. Болашағымыздың жарқын болғанын қалады. Алаш арысының асқақ арманын колледж студенттері жақсы біледі. Елдің даму жолында аянбай еңбек етеді.
АНЕЛЬ АЙТПЕК, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:
— Мағжан Жұмабаевтың аты берілген колледже тәлім алып жүргеніме мақтанамын. Колледже күн сайын Мағжанға арналған танымдық шаралар өтеді. Тағылымы мол жиындардан қалмаймын.
Алаш қайраткері Алаш үшін отқа да суға да түсті айтуға болады. Талай жыл бойы абақтыда отырды. Өлместің күнін көрді. Бірақ, оның жүрегі әрдайым “Қазақ” деп соқты.
НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
— 20-шы ғасырдағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көшін бастаған біртуар тұлғаның сыр сандығы әлі де зерттеуді қажет етеді. Оның қайсар рухы мен туған жерге деген сүйіспеншілігі халықтың мәңгі жадында сақталатыны сөзсіз.
Нұрасыл Ахмет