БалаларБілім

Жамбылдық кәсіпкер 15 түлекке арнайы сыйлығын табыстады

Биыл Жамбыл ауданында мектеппен 166 оқушы қоштасты. Түлектердің 3-еуі “Алтын белгі” иеленсе, 12-сі “Үздік аттестат” иегері атанды. Мұнда қалыптасқан дәстүр бар. Жергілікті кәсіпкер Екпін Әбиев жылда ең озат әр оқушыға 100 мың теңгенің сертификатын табыстайды. Бұл жай сыйлық емес. Іскер азамат жастардың атынан Отбасы банкте шот ашқызып, соған қаржы аударады.

ЕКПІН ӘБИЕВ, “Екпін-2002” ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

— Бұл игі істі 2018 жылдан бастадым. Ол кезде аудан әкіміне барып, әр үздік деген түлекке 100 мың теңгеден ақша табыс етейін деп өз ұсынысымды айттым.

Бұл – баспанаға қол жеткізу жолындағы алғашқы қадам. Айтулы шараға “Отбасы банк” облыстық филиалының басшысы да келіп, озат оқушыларға арнайы сыйлықтарын табыс етті.

Түлектердің қуанышында шек жоқ. Олар өздерінің жетістіктері арқылы ата-аналарын қуантып отыр.

ГАУҺАР ЖАНЫСБЕК, Айымжан орта мектебінің түлегі, Жамбыл ауданы:

— Ата-анамның үмітін ақтағаныма қуаныштымын.

ЖАНСАЯ МЫРЗАШ, Қожаберген жырау атындағы орта мектептің түлегі, Жамбыл ауданы:

— Алдағы болашаққа қойған жоспарымыз үлкен. Осындай жетістікке жетуім ұстаздарымның арқасы деп білемін.

Айта кетейік, Екпін Әбиев 8 жыл ішінде 91 балаға осындай сертификат табыстаған. Оның жалпы құны 9 млн теңгеден асады.

 

Ұлан Ыдырыс