Денсаулық сақтау

Жүрек қалауы: Невролог Хия Ерденованың еңбек жолы

Медицина саласында қызмет ету – зор жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Қиындығы мен қызығы мол кәсіпті жанына серік еткен жандардың бірі – Хия Ерденова. Ол Түмен мемлекеттік медицина институтын 1988 жылы тәмамдаған. Өзінің осы саладағы алғашқы қадамын Хия Завихулқызы терапевт ретінде бастаған болатын. Жиналған мол тәжірибе мен кәсіби шеберлігінің нәтижесінде уақыт өте келе оған неврология бөлімшесіне жетекшілік ету міндеті сеніп тапсырылады.

ХИЯ ЕРДЕНОВА, Бірінші қалалық аурухананың неврология бөлімшесінің меңгерушісі:

— Бұл мамандыққа келуіме, жалпы дәрігер болуға шешім қабылдауыма бала кезімнен анамның жиі ауырғаны себеп болды. Ол кісі бірнеше рет инсульт алды, соның кесірінен қатты мазасызданатын еді. Сондықтан мен мектеп қабырғасында ақ халатты абзал жан боламын деп шештім. Содан кейін институтқа оқуға түстім, оны аяқтағаннан кейін невропатолог болуды ұйғардым. Осы бағытты таңдағаныма еш өкінбеймін.

Ұзақ жылдар бойы көршілес елде еңбек еткен Хия Ерденова 2005 жылы тарихи Отанына оралады. Осылайша, 2006 жылдың 22 ақпанында Петропавл қаласындағы Бірінші қалалық аурухана ішінен жаңа бөлімшенің ашылуына ұйытқы болады. Содан бері ол осы ұжымға тұрақты түрде жетекшілік етіп келеді.

ХИЯ ЕРДЕНОВА, Бірінші қалалық аурухананың неврология бөлімшесінің меңгерушісі:

— Менің ойымша, медицина саласында тек жүрек қалауымен, өз ниетімен келген дәрігерлер ғана жұмыс істейді. Мұндай ауыр әрі жауапты жұмысты тек өз ісін шексіз сүйетін жандар ғана атқара алады. Олардың таңдауына ешқандай қаржылық қиындықтар басқа да жағдайлар әсер ете алмайды. Ал медицинаға ықылассыз келгендер болса, алғашқы жылдары-ақ басқа салаға бет бұратын еді. Сондықтан жастарға бұл мамандыққа зор жауапкершілікпен қарау керек.

Бүгінде тәжірибелі дәрігердің жалпы еңбек өтілі 44 жылды құраса, оның ішінде тікелей емдеу ісіне өзінің 38 жылын арнаған. Қазіргі уақытта 55 орындық бұл бөлімшеде мамандар тапшылығы сезілгенімен, емдеу жұмысы бір сәтке де тоқтаған емес. Хия Завихулқызының қол астында шыңдалып жатқан жас дәрігерлер де өз кәсібін сенімді меңгеріп келеді. Олар тәлімгердің еңбегі мен шеберлігін ерекше бағалайды.

ЕСБОЛ АРАПАТОВ, Бірінші қалалық аурухананың дәрігер-неврологы:

— Мен 2022 жылы сонау Алматыдан неврология мамандығы бойынша резидентураны бітіріп келдім. Хия Завихулқызы маған көп дүние үйретті және менің кәсіби маман болып қалыптасуыма қолдау көрсетті. Ол кісі талапшыл, өте бауырмал, жақсы адам. Басшы ретінде бізден бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуді және жақсы нәтиже көрсетуімізді талап етеді.

Қазіргі уақытта бөлімше белгіленетін жоспарларды уақытылы орындап, өңірдегі емдеу сапасын арттыруға елеулі үлес қосып отыр. Ұжым әрбір науқасқа ерекше жылулықпен қарайды. Өз ісіне шексіз берілген Хия Ерденованың еңбегі – жас буынға әрқашан үлгі.

Ұлан Ыдырыс