Құқық қорғау органдары

Тұрғындармен түсіністік орнатқан тәртіп сақшысы

ШЫРАЙЛЫМ ОМАРОВА, Лебяжье ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

— Тұрғындар заңға бағынатын болды. Ол бізде ұсақ бұзақылық үшін де, жерге темекі тұқылын тастағаны үшін де жауапкершілікке тартады.

Лебяжье ауылдық округінің әкімі аға лейтенант Айбек Сәрсенбаевтың жұмысына осылай баға береді. Тәртіп сақшысы Лебяжье және Құралай сынды қос ауылға жауапты. Жалпы халық саны – 500 адамның үстінде.

АСАН МЕЙРАМОВ, М.Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің бастығы:

— Сәрсенбаев Айбек Болатбекұлы осы ауылда тұрады. Бұл жедел жағдайға, азаматтардың өтініштері мен шағымдарына дер кезінде ден қоюға оң әсерін тигізіп отыр.

Айбек Сәрсенбаев учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызметін атқарады. Тұрғындардың пікірінше, ол өз міндетін жоғары деңгейде атқарып жүр. Былтыр ауданның барлық ауылдық округтерінде орнатылған бейнебақылау камералары да үлкен көмек болды.

АЙБЕК СӘРСЕНБАЕВ, Лебяжье ауылдық округі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, М.Жұмабаев ауданы:

— Қандай да бір құқық бұзушылық болса, оны бірден анықтаймыз. Тіпті тыңдап та көре аламыз, мұнда дыбыс та жазылады. Мысалы, қоғамдық орында балағат сөз айту фактілерін де тіркейміз.

Шенді балаларға жол қауіпсіздігін үнемі еске салады. Ауыл дүкеніне келгендерге интернет-алаяқтардың айла-тәсілдерін түсіндіреді, тұрғындарға ішімдіктен аулақ болуды ескертеді. Өзі Лебяжьеде мас күйде заң бұзған 5 адамды тіркепті. Маман жалғыз тұратын қарттардың жағдайын да міндетті түрде тексереді. Солардың бірі – 82 жастағы Елена Васильевна.

Көршілес Құралай былтыр ішімдік ішпейтін елді мекендердің қатарына қосылды. Полицей бұл ауылға жиі келеді, мектепте болады, бейнекамералардың жұмысын тексеріп, педагогтермен интернет-алаяқтықтың алдын алу жөнінде әңгіме өткізеді.

Ауылдардың тазалығы да басты назарда. Айбек Сәрсенбаев малдың дұрыс бағылуын, қоқыстың бейберекет төгілмеуін ұдайы қадағалап тұрады.