Дүйсенбінің кешінде Петропавлда сұмдық жағдай орын ала жаздады. Жамбыл көшесіндегі үйлердің біріндегі бесінші қабаттағы ашық терезе алдында балалар тұрған. Мұны жұмыстан үйіне кетіп бара жатқан полиция департаментінің қызметкері Ержан Тамышев дер кезінде байқап, жедел әрекет еткен.
ЕРЖАН ТАМЫШЕВ, СҚО ПД процессингтік орталығының аға мемлекеттік автоинспекторы:
— Терезе алдында 2 кішкентай бала тұрды, бір-бірін итеріп жатқандарын да байқадым. Көргенде зәре-құтым қашты.
Полиция подполковнигі досына «102» арнасына қоңырау шалуды әрі балалардың назарын басқа жаққа аударуды өтінеді, өзі көпқабатты үйдің кіреберісіне жүгіреді. Осы сәтте көшедегі адамдар дауыстап, балаларды терезеден ары қарай кетуге шақырады.
Уақыт аз. Шенді пәтерге шеткенше шатырға шығып, терезеге жоғарыдан түсу жолдарын да ойластырған екен. Алайда, баспанада ересек адам болған. Ол Ержан Тамышевқа және жедел жеткен патрульдік полиция қызметкерлеріне есік ашқан.
ЕРЖАН ТАМЫШЕВ, СҚО ПД процессингтік орталығының аға мемлекеттік автоинспекторы:
— Мен ішке кіргенде терезе ашық болды, балалар пәтер ішінде жүгіріп жүрді. Олар асүйдегі орындықтар арқылы терезенің алдына көтерілген екен. Мән-жайды нақтылаған соң кезекші бөлімге қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туғанын хабарладым.
Тәртіп сақшылары жалдамалы пәтерде Жезқазған қаласынан келген екі азаматтың уақытша тұрып жатқанын анықтады. Әкесі ұйықтап жатқан, ал анасы дүкенде болған. Екеуі де алкогольдік масаң күйде болған. Бұған дейін олар бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ата-ана жауапсыздық танытты. Олардан 3 және 4 жастағы ұл-мен қыз алынуы мүмкін.
ӘЛІБЕК ҒАБДУЛЛИН, СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:
— Тиісті материалды полицейлер жинады. Бүгін жауапсыз ата-аналарға қатысты жағдай кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның отырысында қаралады. Одан кейін құжаттар топтамасын ата-ана құқықтарын шектеу немесе олардан айыру мәселесін шешу үшін сотқа жолдау жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Терезе алды – балалар ойнайтын жер емес. Қас пен көздің арасында қайғылы жағдай орын алуы мүмкін. Тәртіп сақшылары ата-аналар мұқият, жауапты болу қажеттігін қаперге салады.