Құқық қорғау органдары

Түнгі уақытта көше кезген жасөспірімдер

Петропавлда түнгі рейдтер қарқын алды. Тәртіп сақшылары жасөспірімдердің қатысуымен болатын қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында демалыс күндері тынбай аралау және тексеру жұмыстарын жүргізді.

Полицейлер түнде көшелерді, ойын-сауық орындарын, саябақтарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандар болуы мүмкін деген өзге де орындарды тексерді. Нәтижесінде жасөспірімдердің 23:00-ден кейін тұрғынжайдан тыс жерде болуының 19 фактісі анықталды.

Н.Назарбаев көшесі бойында полицейлер патрульдік көліктерден бой тасалап келе жатқан 15 жастағы қызды анықтады. Ол өз үйінен шамамен 2 шақырым қашықтықта жүрген. Медициналық тексеріс жүргізілді. Жасөспірім ішімдік ішкені белгілі болды.

Аталған факті бойынша материалдар жиналуда, енді оның заңды өкілдері кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия алдында жауап беретін болады. Жалпы, жыл басынан бері облыс орталығында полицейлер жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруінің 375 фактісін, сондай-ақ 18 жасқа толмағандардың алкогольдік ішімдік ішуінің 57 фактісін анықтады. Арнайы комиссияның қарауына 51 материал жолданды.