Балалар

“Бір күн қалада” акциясы

Петропавлда “Бір күн қалада” акциясы өтіп жатыр. Оның аясында өңір аудандарындағы балалар шаһарда қыдырып, демалады, ерекше орындармен танысады. Экскурсияға Қызылжар және Мамлют ауданының ұл-қыздары келді. Олар орталық саябақтағы аттракциондар паркінде көңіл көтеруде. Іс-шараны ұйымдастыруға облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы ұйытқы болды.

АЛЕКСАНДР ШТРО, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының әдіскері:

— Бұл акция облыс әкімдігі және білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Оған ауданда білім алатын барлық мектеп оқушылары қатыса алады. Бізде арнайы кесте бар. Яғни, әр аптаның сәрсенбі, жұма күндері экскурсия ұйымдастырамыз. Оларға арнап 5 орын дайындалған. Оның ішінде, орталық саябақтағы аттракциондар паркі, Абылай хан резиденциясы, Ботаникалық бақ, “Нептун” аквапаркі сынды орындар бар. Бұдан бөлек, балаларға тегін түскі ас береді.

Ойын балаларының дәл осындай керемет көңіл көтеруіне қолдау көрсетіп отырған – “Мир аттракционов” серіктестігі. Аттракциондар паркі ауылдық ұл-қыздарға жеңілдік жасап отыр.

ДИАНА ПАНОВА, “Мир аттракционов” ЖШС қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі инженері:

— Біз бұл акцияға жыл сайын қатысамыз. Жеткіншектерге 50 пайыздық жеңілдікпен аттракциондар паркінде көңіл көтеруге мүмкіндік береміз. Яғни, 1,5 мың теңгеге балалар 5 әткеншекте ерекше сезімді бастан кешіреді. Балалардың жасы мен салмағын ескеріп алдын ала ойын-сауық құрылғысын анықтаймыз. Себебі, ұл-қыздарға кейбір аттракциондарға мінуге рұқсат етілмейді.

Экскурсияға қатысушы балалар мәре-сәре. Олардың қатарында қалаға бірінші рет келіп тұрған ұл-қыздар да бар. Айта кетейік, “Бір күн қалада” акциясы жаз мезгілінің соңына дейін жалғасатын болады. Оның барысында аудандардағы 2,5 мыңға жуық бала Петропавлда бір күн қыдырады.

Ұлан Ыдырыс