Елордада Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Бұл жолғы алқалы жиында туризм саласын одан әрі дамыту мәселесі қаралды. Мінберге бірнеше министр мен облыс әкімі шығып, атқарылған және атқарылатын жұмыстар негізінде баяндама жасады. Өз кезінде Үкімет басшысы өткір тұстарға тоқталды. Барлық әкімдікке туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етіп, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған тиісті инфрақұрылымды жедел қарқынмен дамытуды тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:
— Туристік маусымның нағыз қызған шағында демалушыларды орналастыру үшін орын тапшылығы қатты байқалады. Көптеген адамдар арнайы жабдықталмаған демалыс орындарын пайдалануға мәжбүр. Өңір әкімдіктері шұғыл түрде шатырлар мен автоүйлерде кемпинг демалысқа арналған тұрақтардың немесе алаңдардың тиісті инфрақұрылымын қамтамасыз етуі қажет.