Өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Олжас Бектенов Қызылжар ауданына барды. Мұнда Үкімет басшысы “Alar Farm” серіктестігінің жаңа жобасымен танысты. Кәсіпорын басшылығы Подгорное ауылында жоңышқа шөбін өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Олар дайын тауарды Қытай, Орталық Азия әрі Парсы шығанағы елдеріне экспорттауды көздеп отыр. Кейін Олжас Бектенов теріскейлік агроқұрылым өкілдерімен тілдесті. Ғ.Мүсірепов ауданындағы “Ақселеу” серіктестігінің директоры Серік Малаев елімізде агроөнеркәсіптің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Үкімет басшысына көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғысын білдірді.
СЕРІК МАЛАЕВ, “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
— Мемлекет қолдауының нәтижесінде барлық шаруашылықтар жеңілдетілген несие алуда. Осы жұмыстарыңызға сізге рахмет айтамыз. Ал енді біз өз кезегімізде ауылды көркейтуге, ол жердегі халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға тырысатын боламыз.
Өз кезегінде Олжас Бектенов үкімет ауыл шаруашылығына көрсетілетін қолдауды одан әрі арттыратынын жеткізді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:
— Мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп жатыр. Биыл бұл көрсеткішті 1 трлн 200 млрд теңгеге дейін жеткізетін боламыз. Бұндай қаражат ауыл шаруашылығына ешқашан бөлінбеген. Үкімет алдағы уақытта ауыл шаруашлығына бағытталған қолдауды одан әрі арттыратын болады.
Бұдан соң Үкімет басшысы ауыл шаруашылығында қолданылатын жаңа технологиялармен танысты. Олардың бірі – агродрон. Заман игілігі арқылы өңірде 2024 жылы 94 мың, ал былтыр 420 мың гектар егіс алқабына тыңайтқыш себілді.
НҰРЛАН ТАНКИНОВ, “SKYWORKER” ЖШС директоры:
— Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан зор қолдау көрсетілуде. Агродрон сатып алуға 25 пайыздық субсидия қарастырылған. Сонымен қатар, заманауи құрылғыны “Кең дала” бағдарламасы арқылы немесе “ҚазАгроҚаржы” арқылы лизингке рәсімдеуге болады. Оның артықшылығы көп. Кез келген ауа райында жұмыс істей береді, егінді таптамайды, қалтаны қақпайды.
Бұдан бөлек Үкімет басшысы “Eurasian milk” серіктестігінің сүт зауытына барды. Кәсіпорын тәулігіне 250 тонна сүт өңдеуге қауқарлы. Серіктестік сүттен дайындалатын бірнеше өнім түрін өндіреді.
АНДРЕЙ ГРИЦЕНКО, “Eurasian milk” ЖШС бас директоры:
— Біз жартылай қатты ірімшік, сары май, ашытылған сүт сынды тауар түрлерін өндіреміз. Алдағы уақытта қоюландырылған сүт өнімін де шығаратын боламыз. Ақты негізінен жергілікті кәсіпкерлерден сатып аламыз. Қазіргі күні бізде 18-ге жуық жеткізуші бар.
Кездесу соңында Үкімет басшысы теріскейлік еңбеккерлерге алғысын білдіріп, олардың атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді.
Ұлан Ыдырыс