ТЖ

Петропавлда балалардың терезеден құлауының алдын алу шаралары талқыланды

Күн жылынғалы көпқабатты үйлердің терезелері жиі ашылады. Бұған асқан жауапкершілікпен қарау керек. Себебі, тұрғындар ішке самал жел кіргіземін деп сан соғып қалуы мүмкін. Яғни, қауіпті білмейтін балалар төменге құлауы ықтимал. Дәл осы өзекті мәселе Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде өткен жиында талқыланды. Басқосуға төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, медицина қызметкерлері, оқытушылар құрамы және терезе бұйымдарын әзірлейтін жеке серіктестік басшылары қатысып, бірлесе дабыл қақты. Өйткені, республика мен өңірдегі жағдай көңіл көншітпейді.

ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:

— Жыл басынан бері республика бойынша балалардың терезеден құлауының 93 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 86 бүлдіршін әртүрлі жарақат алса, өкінішке қарай, 7 бала қаза тапты. Ал біздің Солтүстік Қазақстан облысында жылы маусым басталғалы 4 жағдай есепке алынды.

Жиын барысында мамандар пластик терезенің осал тұстары мен шыбын-шіркейге қарсы тордың қаупін атап өтті. Балаға айтылады, бірақ ақыл-кеңес естен шығып кетуі мүмкін. Шыбын жанды шүберекке түйіп жүрмес үшін әзірлеуші компаниялар өндіріске өзгеріс енгізді.

ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:

— Терезедегі москит торы баланың салмағын ешқашан көтермейді. Осы мәселені шешу үшін біз «СК-Качество» серіктестігінің мамандарын шақырып, бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Олар ұсынып отырған арнайы бекіткіштердің, яғни блокираторлардың бағасы өте қолжетімді, шамамен 2-3 мың теңге көлемінде. Егер әрбір ата-ана үйіндегі терезеге осындай замоктар қойып, балаларды қараусыз қалдырмаса, біз қайғылы жағдайлардың алдын аламыз.

Кездесуде жазатайым оқиға тіркелген сәттегі іс-қимыл да сөз болды. Ақ халаттылар мұндай кезде әрбір әрекет зардап шегушінің өміріне тікелей әсер ететінін айтты.

СВЕТЛАНА КАШИМИРОВА, облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы директорының орынбасары:

— Адам терезеден құлаған жағдайда 103 нөмірі бойынша жедел медициналық көмекті шұғыл шақырып, зардап шегушінің жағдайы мен оқиға орнын хабарлау қажет. Мұндай оқиға жеделдіктің бірінші санатына жатады, сондықтан дәрігерлер бригадасы өте тез – 9-10 минуттың ішінде жетеді. Бригада келгенге дейін зардап шегушіге тиіспеу маңызды. Егер ол есін білсе, сaбырға шақырып, орнынан тұруына немесе қозғалуына жол бермеу керек. Денесі мен аяқ-қолы қандай қалыпта болса, дәрігерлер келгенше солай қалуы тиіс.

Оқиға орнында абдырау, құлаған баланың тұруына не отыруына көмектесу – медициналық тұрғыда бұрыс әрекет. Мамандар осыны әрбір жан білсе деген пікірде.

Жангельді Жамалиев