Теріскей орталығында түрлі этнос өкілдеріне арналған ерекше тіл лагері есігін айқара ашты. Бес күнге созылатын жоба аясында қатысушыларға мемлекеттік тілді еркін меңгеруге бірегей мүмкіндік беріледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – тілдік кедергілерді жойып, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптеу. Осы ретте жиналғандар үшін арнайы бағдарлама әзірленген.
ҮМІТЖАН ШЫНТЕМІРОВА, облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы:
— Бағдарлама аясында әртүрлі форматта қазақ тілі сабақтары өткізіліп, практикалық тапсырмалар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, ұлттық ойындарымен және ұлттық тағамдарымен танысады. Осы сабақтарды өткізу үшін арнайы оқу орнын дайындадық, ойын алаңын жабдықтадық және ұлттық нақыштағы киіз үй тіктік.
Жоба аясында танымдық курстармен қатар, қолөнер шеберлік сыныптары мен спорттық ойындар өткізіледі. Сондай-ақ, қатысушылар ұлттық тағамдарды бірге дайындап, өзара тәжірибе алмасады. Бүгінде қаланың түрлі мекемелерінен жиналған 20-ға жуық маман осы мүмкіндікті қалт жібермей, білімін шыңдауға көшті. Солардың бірі – бұған дейін де бірнеше рет тіл үйрену курстарына қатысқан Виктория Петухова.
ВИКТОРИЯ ПЕТУХОВА, шараға қатысушы:
— Мен үшін қазақ тілін үйренудің маңызы өте зор. Тілді тереңірек түсініп, еркін сөйлегім келеді, сондай-ақ, қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрі мен тарихын жақсырақ білуге талпынамын. Себебі, қазақ тілі – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, бұл – халықтың біз танып-білгіміз келетін бай мұрасы. Бұл жерден осындай белсенді әрі ынталы жандарды көргеніме өте қуаныштымын.
Бұл алаң тек білім ордасы ғана емес, жаңа таныстықтар мен достық қарым-қатынас орнататын ортаға айналмақ. Қатысушылар маусымның 5-іне дейін тілдік ортада болып, сөйлеу дағдыларын барынша жетілдіреді. Айта кетейік, интенсивті форматтағы танымдық лагерь күн сайын таңғы сағат 9:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді.
Жаннұр Бектұрғанова