Балаларды қорғау күніне орай Петропавлдағы Сәбилер үйінде шуақты мерекелік іс-шара өтті. Мұнда тәрбиеленіп жатқан 2,3 және 4 жастағы бүлдіршіндер әсем ән шырқап, би биледі, сүйікті мультфильмдердің кейіпкерлерімен көңілді ойындар ойнады.
Осындай ерекше күні балақайлардың жүзіне күлкі сыйлау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің облыстық департаменті мен ІІМ мамандандырылған күзет қызметі басқармасының өкілдері мен өзге демеушілер қатысты. Қамқоршылар өз еркімен қаржы жинап, мекеме әкімшілігімен ақылдаса отырып, сәбилерге арнап киім-кешек, ойыншықтар мен қажетті материалдық көмек ала келген.
СӘКЕН УРМАНТАЕВ, ҚР ҰҚК СҚО бойынша шекара қызметі департаменті бастығының орынбасары:
— Әріптестерімізбен қайырымдылық шараларын тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Тек қаламен шектелмей аудандардағы балалар үйіне де барып тұрамыз. Балалар – еліміздің болашағы.
Сәбилер үйінің іргетасы 1997 жылы қаланған. Мекеме тағдыр тәлкегімен ата-ана қамқорлығынсыз қалған немесе ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін жылы ұяға айналған. Бұл жерде логопед, психолог, емдік дене шынықтыру және массаж мамандары бар. Балалардың денсаулығын назарда ұстап, дамуы мен қоғамға бейімделуіне барынша жағдай жасалған.
НАТАЛЬЯ КРИВОШЕЕВА, Сәбилер үйінің аға тәрбиешісі:
— Бүгін балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлаған демеушілерге мекеме ұжымы атынан алғысымызды білдіреміз. Әр бала бақытты болуы тиіс. Кішкентайынан өздеріне қамқорлық жасайтын, қорған болатын адамдардың бар екенін сезініп өсуі қажет. Біздің мақсатымыз – ол үшін барлық жағдайды қамтамасыз ету.
Демеушілердің айтуынша, жақсылыққа жаны құмар жандар балаларға қуаныш сыйлайтын ізгі шараларды міндетті түрде жалғастыра бермек. Бүгін сыйға тартылған материалдық көмек балақайлардың күнделікті игілігіне жұмсалмақ.