Қоғам

Бескөлде жаппай жүгіру жарысы өтті

“Спорт – денсаулықтың кепілі” демекші, Қызылжар ауданында отбасылық жүгіру жарысы ұйымдастырылды. Бүгінде осы сынды сайыстарға ерекше көңіл бөлінуде. “Себебі мұндай іс-шаралар арқылы адамдардың спортқа деген қызығушылықтары арта түседі”,- дейді ұйымдастырушылар. Бұл адамдарды біріктіріп қана қоймай, қоғамда салауатты әрі белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

ГҮЛИЯ САЛТЫКОВА, Қызылжар ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы:

— Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Жарысқа мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен қатар, отбасыларымен келген аудан тұрғындары да белсенді қатысып жатыр.

Көпшілік үшін ерекше әсер қалдырған сәт – баласын арбамен бірге алып жүгірген жас ананың қатысуы болды. Ол барлық қашықтықты сәбиімен бірге еңсеріп, мәреге жетті. Оның бұл қадамы көпке үлгі болды.

АНАСТАСИЯ МАКАРОВА, іс-шараға қатысушы:

— Өзім спортпен тұрақты түрде айналысқан соң, жүгіру мен үшін әдетке айналған. Мен бұл іс-әрекетім арқылы көпшілікке үлгі көрсеткім келді. Осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен деймін. Салауатты өмір салтын ұстанған жанның денсаулығы мықты, көңіл күйі де үнемі көтеріңкі болады.

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Осылай деп ұрандатқан қызылжарлықтар
2 шақырымды жүгіріп өтті. Жарысқа 60-тан астам адам қатысты. Арасында ересектер де, балалар да бар. Мәреге бірінші болып жеткендерге медаль мен сыйлық табысталды.