ТЖ

Оқу-жаттығу: М.Жұмабаев ауданында дала өрті сөндірілді

Ыстық ауа райы мен жылдамдығы жоғары желдің салдарынан М.Жұмабаев ауданында дала өрті орын алды. Қызыл жалынның бас көтергені «Орманқорғаушы» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде анықталды. Тілсіз жаумен күресетін мамандар бірден оқиға орнына барды.

Ал осы сәтте полицияға «Березка» демалыс орнының маңындағы орманда 2 туристің адасып кеткені жайлы хабар түсті. Алаңдауға еш негіз жоқ. М.Жұмабаев ауданында ресейлік мамандардың қатысуымен кең ауқымды оқу-жаттығу жиыны өтті. Алдын ала сценарий бойынша от жоғары қарқынмен Хлебороб ауылына қарай беттеді. Бұлай жалғаса берсе, жалын орманға кіреді. Кейін желдің әсерінен шекара да асып кетуі мүмкін.

КИРИЛЛ ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

— Бүгінгі оқу-жаттығу жиынына 100-ден астам қызметкер мен 50-ден аса техника қатысуда. Мақсатымыз – іс-қимылды пысықтау. Жазда орман және дала өрті орын алып жатады. Жалынды дер кезінде сөндіре білуіміз керек. Шараға ресейден арнайы әріптестерімізді шақырдық. Олармен тәжірибе алмасқанымыз дұрыс.

Бұған жол бермеу үшін жан-жақты күрес жүргізілді. Тіпті, МИ-8 тікұшағы төбеден су шашты. Осы сәтте құрамына түмендік, қорғандық және омбылық мамандар да кірген жедел штаб құрылды. Басты мақсат – Хлебороб ауылына, Булаево қаласына және демалыс орнына отты жақындатпау. Төтеншеліктер ақылдаса келе қауіп аумағындағы халықты және жануарларды көшіру туралы шешімге келді. Көп ұзамай өрт сөндірілді, жоғалған 2 адам табылды.