Спорт

Грек-рим күресінен Азия чемпионы Ислам Евлоев Петропавлға оралды

Жуырда Вьетнамның Дананг қаласында күрес түрлерінен жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде теріскейлік палуан Ислам Евлоев 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, топ жарды. Бүгін жеңімпаз Петропавлға оралды. Ел мерейін асырған спортшыны жерлестеріміз теміржол вокзалынан сән-салтанатпен күтіп алды. Ислам жеңіс жолында 4 белдесу өткізген. Үндістан, Қырғызстан, Өзбекстан және Онтүстік Корея палуандарын қоғадай жапырды. Олай айтуымызға себеп бар. Жерлесіміз барлық кездесуде қарсыластарын айқын басымдықпен ұтқан.

ИСЛАМ ЕВЛОЕВ, грек-рим күресінен жастар арасындағы Азия чемпионы:

— 1 айдың ішінде 2 рет Азия чемпионатына қатыстым. Ересектер арасындағы додада қола жүлдеге ие болдым. Жарысқа тыңғылықты дайындалдым. Әр қарсыласымды жіті зерттеп, қарсы тактика ойластырдық. Соның арқасында жеңіске жеттім. Менің қолдаған, бүгін күтіп алған адамдарға басымды иіп, алғыс білдіремін.

Ел мерейін асырған спортшы – көздерінде оты бар жастарға үлгі палуан. Оны қарсы алу шарасында байқауға болады. Бір топ бала чемпионның қасынан шықпай, суретке түсіп жатты. Айта кету керек, енді жерлесіміз Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындықты бастамақ.