Мәдениет

“Отырар сазы” оркестрі солтүстік өңірге гастрольмен келді

Мамлютка қаласының өнерсүйер қауымы үшін ерекше концерт ұйымдастырылды. “Халық әуені” жобасы аясында өңірімізге Алматыдан атақты “Отырар сазы” фольклорлы-этнографиялық оркестрі келді. Ұжым Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл, Аққайың, және Мамлют аудандарын гастрольдік сапармен аралауда. Оркестрге дирижерлік етуші – халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Әбілқайырхан Бейсеков.

ӘБІЛҚАЙЫРХАН БЕЙСЕКОВ, Н.Тілендиев атындағы “Отырар сазы” оркестрінің дирижері:

— Оркестрдің құрамы 60 адамнан тұрады. Солтүстік Қазақстан облысына таңдап 30 әртісімізбен келіп отырмыз. Бағдарламамыз әртүрлі. Құрманғазы, Дина, Нұрғиса Тілендиев секілді композиторлардың туындыларын Мамлютка жұртшылығына тарту етеміз.

Ұжым 1982 жылы Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігімен құрылды. 1999 жылы ұжымға Н.Тілендиевтің аты берілді. “Отырар сазы” оркестрінің әртістері домбыра мен қобыздан басқа, жетіген, шертер, сырнай, сыбызғы, асатаяқ, дауылпаз секілді көне аспаптарда ойнайды. Бүгінгі таңда оркестрге Н.Тілендиевтің қызы Дінзухра Тілендиева жетекшілік етеді. Көрерменнің арасында ұжымның өнерін тамашалау үшін облыс орталығынан арнайы келген жандар да бар.

РОЗА ХАМЗИНА, көрермен:

— Мен “Отырар сазы” оркестрінің өнерін тамашалау үшін әдейі Қызылжардан келдім. Мектепте мұғалім болып жасайтынмын. Сол кезде оқушылармен Н.Тілендиевтің “Құстар әнін” жаттайтынбыз. Мен осы ұжымның фанатымын.

Концерт соңында өнерпаздар Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненкоға Жамбыл Жабаев атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының 90 жылдығына орай жарық көрген “Шуағын төккен өрнектер” кітабын тарту етті.

Жаннұр Бектұрғанова