Мәдениет

Қалалық мәдениет үйінде мерекелік кеш өтті

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні аясында қалалық мәдениет үйінде мерекелік кеш өтті. Іс-шараға аталмыш мәдени ошақ қызметкерлері, өнер адамдары әрі арнайы қонақтар қатысты.

ЕРДЕН ҚОЖАХМЕТОВ, қалалық Мәдениет үйі “Самғау” тобының көркемдік жетекшісі:

— Өзім осы өнер жолында 20 жылдай қызмет етіп келемін. Оның 16 жылы осы қалалық мәдениет үйінде өтті. Өзім “Самғау” тобының көркемдік жетекшісі болып қызмет жасап жүрмін.

Іс-шара барысында өнер саласында тер төгіп, аянбай еңбек етіп жүрген сахна саңлақтары құрметке бөленді. Олардың қатарында Жұмабек Рахимов бар. Айтыскер ақын мерекелік кеште қала әкімінің алғыс хатымен марапатталып отыр.

ЖҰМАБЕК РАХИМОВ, айтыскер ақын:

— Өзім жалпы 5-ші сыныптан бері ақындар айтысына еліктеп өстім. Қазіргі таңда жеткен жетістіктер аз емес. Қара өлеңнің қаймағын қалқып ішіп, жан-жақтан дайындалып, СҚО-ның намысын дүбірлі додаларда қорғап жүрген жайымыз бар.

Айта кетейік, жалы іс-шара барысында мәдениет және өнер саласында әртүрлі лауазымда еңбек ететін 20-дан астам қызметкер қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Ұлан Ыдырыс