Қоғам

Халық қаһарманы В.Шаталов пен Б.Әшімовтің ескерткішіне тағзым етті

Тарихи тұлғаларға тағзым! “Халық қаһарманы” атағының иегері Айдын Айымбетов Петропавлдың қақ төрінде орналасқан Владимир Шаталов пен Бәйкен Әшімовтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Алғашқысы – ғарышкер-ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ал екінші аталған жерлесіміз – Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы. Бұдан көпшілік хабардар. Құрметті қонақ бастаған топ жауған жаңбырға қарамады. Олар алыстан көзге түсетін ескерткіштердің алдына қызыл раушан гүлін қалдырды, теріскейліктердің рухына ілтипат танытты.

АЙДЫН АЙЫМБЕТОВ, ғарышкер, Халық қаһарманы:

— Біз Владимир Александровичпен таныспыз. Онымен ғарышкерлер тобында дайындықта жүрген кезде танысып едім. Өте білімді, ақылды адам болды. Берген ақыл-кеңестері әлі есімде. Бірде “Әр жеңістің артында дайындық тұр” деп айтқаны бар. Сол жадымда сақталып қалыпты. Біз ғарыш саласын жастарға жақындатуымыз керек. Ал ол үшін бірінше кезекте осындай тұлғаларды таныстыру қажет.