Мәдениет

Есләм Зікібаевтың дүниеге келгеніне – 90 жыл

Биыл белгілі ақын, жазушы Есләм Зікібаевтың туғанына 90 жыл толды. Мерейтойға орай И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада “Өлеңмен өрілген өмір” атты әдеби-поэзиялық кеш өтті. Шара барысында қазақ поэзиясында ойып тұрып орын алған тұлғаның еңбек жолы жайлы кеңінен айтылды. Айта кету керек, Есләм Зікібаев – Есіл ауданы Өрнек ауылының тумасы. Тағылымы мол жиынға мерейтой иесінің жерлестері келіпті.

ҒАБИТ ЕСҚАҚОВ, Е.Зікібаев атындағы Өрнек негізгі мектебінің директоры, Есіл ауданы:

— Ауылымыздан осындай біртуар тұлға шыққанына мақтанамыз. Есләм Зікібаев жайлы мектеп қабырғасында көп айтамыз. Оқушылар шығармаларын жаттайды. Тәрбиелік маңызы бар шараларды да жиі өткіземіз.

Біреу білсе, біреу білмес, әнші Роза Бағланованың бірнеше әнінің сөзін Есләм Зікібаев жазған. Біртуар тұлғаның шығармашылық жолы журналистикадан басталды. Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде тәлім алған. “Ұлан”, “Егемен Қазақстан” газеттерінде еңбек етті. “Ақ қайыңдар, “Аққу-арман”, “Ақ айдын”, “Ақ сағым”. Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдерінің айтуынша, жазушы ақ түске ерекше мән берген. Махаббат, сұлулық туралы шығармалары да жетіп артылады.

МҰРАТ НҰРСЕЙІТОВ, Есләм Зікібаевтың жиені:

— Нағашым кішкентайынан Алматыда өсті. Елге арасында ғана келіп тұратын. Ақын екенін аса білмедік. Газет, журналда істейтінін еститінбіз. Мінезі қатты кісі болды. “Аяулым”, “Арманым едің”, “Асылымдай” өлеңдері ерекше есімде қалды. Анам ағасының шығармашаларын көп оқыды.

Жерлесіміздің ақындығы бір төбе болса, аудармашылығы да ауыз толтырып айтарлықтай болды. Эстон, қырғыз, қарақалпақ ақындарының бірнеше өлеңін қазақ тіліне тәржімалаған. Кітапхана қабырғасында Есләм Зікібаевқа арналған көрме қанат жайды. Онда біртуар тұлғаның шығармалары түгел қойылған.

Нұрасыл Ахмет