Қоғам

Бескөлдегі сүт зауыты өндіріс қуатын арттыруда

Солтүстік Қазақстан облысында табиғи өнім шығарумен аты озған «Молсервис» кәсіпорны ауқымды модернизациядан өтіп жатыр. Бескөл ауылында орналасқан зауыт нарықта 30 жылдан астам уақыт бойы «өрістен сөреге дейін» принципімен жұмыс істеп келеді. Бүгінде мұнда жаңа май және сүзбе цехінің құрылысы аяқталуға жақын. Екінші деңгейлі банктен несие алып, ресейлік зауытпен арнайы тапсырыс арқылы жасалған заманауи құрылғылар толық монтаждалды.

ҒАЛИБЕК РАМАЗАНОВ, «Молсервис» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

— Өткен жылы біз несие алып, май және сүзбе өнімдерін шығаратын цех құрылысына қажетті жабдықтар сатып алдық. Оның бәрі біздің ғимаратқа, өндіріс қуаттылығымызға лайықталып дайындалды. Қазіргі уақытта жұмыстың шамамен 80-90 пайызы орындалды. Барлық жабдыққа электр сымдарын жалғадық, енді іске қосу-баптау жұмыстары ғана қалды. Цехті маусым-шілде айларында іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Жаңа нысан іске қосылысымен кәсіпорында тәулігіне қосымша 20 тонна сүт өңделеді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары үшін тағы 20 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл ретте шикізат мәселесінде қиындық болмайды дейді басшылық. Зауыттың өз егістік алқаптары, құрама жем зауыты мен сүт-тауарлы фермасы бар. Жергілікті шаруашылықтармен де келісімшарт негізінде тығыз жұмыс орныққан. Ал логистикалық кедергілерді еңсеріп келген жаңа технология зауыттың өнім ассортиментін еселей түспек.

ҒАЛИБЕК РАМАЗАНОВ, «Молсервис» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

— Жаңа цехтің ашылуымен майлылығы 72 және 82 пайыз болатын сары май, қораптағы және үгітілмелі сүзбе, сонымен қатар, мейіз, өрік қағы бар сүзбе массаларын шығарамыз. Бұл – өндірісте өзін жақсы жағынан көрсеткен, уақытпен дәлелденген технология. Жеткізушілер кепілдік береді. Қиындықтар тек логистика жағынан, яғни жеткізу, бәрін келісу барысында ғана болды.

Қазіргі таңда зауытта тәулігіне 22 тонна өнім шығарылады. Сапалы тауар Солтүстік Қазақстаннан бөлек, Астана, Теміртау және Қостанай қалаларына жөнелтілуде. Нарықтағы сұранысты жоғары деңгейде ұстап тұрудың басты сыры – өнімнің табиғилығында. Мұнда ешқандай қоюлатқыш пен консервант қолданылмайды. Әрбір өндірістік кезең мен шикізат сапасы зертханада қатаң тексеріліп, талапқа сай келмеген сүт шаруашылықтарға бірден кері қайтарылады.

ЕЛЕНА СЕМЕНОВА, «Молсервис» ЖШС зертхана меңгерушісі, Қызылжар ауданы:

— Біз шикізатты қабылдаудан бастап, дайын өнім шыққанға дейінгі бүкіл процесті бақылаймыз. Сүттің майлылығын, тазалығын, термотұрақтылығы мен қышқылдығын тексереміз. Егер қандай да бір көрсеткіш МЕМСТ шегінен шығып кетсе, біз мұндай сүтті қайта өңдей алмаймыз, шаруашылыққа кері қайтарамыз. Біз жеткізушілерімізбен тығыз жұмыс істейміз, қажет болса шаруашылықтарға өзіміз барып, сүттің сапасын жақсартуға, жабдықтарды жууды ретке келтіруге көмектесеміз.

Бүгінде зауыт сүт, айран, қаймақ, йогурт және дәруменмен байытылған өнімдерді қосқанда дайын тағамның 16 түрін шығарады. Кәсіпорын өкілдері жаңа цехтің арқасында өндіріс көлемін ұлғайтып, жақын арада нарыққа жаңа брендпен шығуды көздеп отыр.

Жангельді Жамалиев