Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Аққайың ауданында көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр

СТЕНДАП: ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:

— Аққайың ауданының диқандары көктемгі егіс науқанына білек сыбана кірісті. Қазіргі күні аудандағы 200-ден астам агроқұрылымның 40 пайызы топыраққа дән сіңіруді бастап кетті. Жалпы, биылғы аққайыңдық аграрилер 219 мың гектар аумаққа егін егуді жоспарлап отыр.

Көктемгі егіс науқанына кірісіп кеткен агроқұрылымдардың қатарында “Алтын-Сары” серіктестігі де бар. Шаруашылық 6 жарым мың гектар егіс алқабына иелік етеді. Қазіргі күні онда 15 техника жүйткіп жүр. Бригадир Ерлан Матықовтың сөзінше, олар жасымық пен күнбағысты толық еккен.

ЕРЛАН МАТЫҚОВ, “Алтын-Сары” ЖШС бригадирі, Аққайың ауданы:

— Биыл біз 6 мың гектарға дәнді, майлы және бұршақты дақылдар егуді жоспарлап отырмыз. Оның 2 жарым мың гектарына бидай себеміз. Өткен жылы егін бітік шықты. Әр гектардан 25-30 центнер өнім алдық. Қазіргі күні егіс алқабында 3 арнайы техника жүр. Сонымен қатар, тракторлар мен кировецтеріміз де бар.

Бұл – “Алтын-Сары” серіктестігінің механизаторы Валерий Зайцев. Ол аталмыш агроқұрылымда 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал жалпы еңбек өтілі 50 жылға жуықтайды. Қазіргі таңда өзінің әріптесімен бірге 1 мың гектар алқапқа бидай сепкен.

ВАЛЕРИЙ ЗАЙЦЕВ, механизатор, Аққайың ауданы:

— Қазір егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Алқапқа шыққанымызға бір аптадан асты. Барлығы жоспарға сай. Ауа райы да тамаша. Қыста техниканы жөндеп, бөлшектерін майлап дайындап қойдық, ешбір ақау жоқ.

Аққайың ауданында 60 серіктестік пен 170-тен аса фермер және шаруа қожалығы бар. Олар бүгінгі таңда белгіленген жоспарды 22 пайызға орындаған.

АННА СУДЬИНА, Аққайың ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің агрономы:

— Қазіргі күні Аққайың ауданының аграрилері 50 мың гектар алқапқа тұқым септі. Оның ішінде 12 мың гектары – майлы дақылдар, ал 2 мың гектары – мал азығы. Өткен жылы біз 216 мың гектар аумаққа егін ектік. Әр гектардан орташа алғанда 21 центнерден өнім жинадық.

Айта кетейік, жалпы биыл облыс бойынша егіс алқабы 4,3 млн гектарды құрап отыр. Қазіргі күні өңір диқандары оның 965 мың гектарына дән сіңіріп үлгерген.

Ұлан Ыдырыс