1-сәуірден бастап мемлекеттік қызметке жұмысқа тұру тәртібі өзгертілді. Талап бойынша енді іріктеуге қатысу үшін жас мамандар “Е-қызмет” порталына тіркеліп, 3 бағдарламадан тұратын тестілеуден өту қажет. Егер сұрақтарға дұрыс жауап берсе, 1 жыл бойы жұмысқа тұру жөніндегі конкурстарға қатыса алады.
МАДИЯР БАЛТАБАЕВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:
– Тестілеуден өту сертификаттары автоматты түрде жүйеге жүктеледі. Бұдан былай басшылық лауазымға үміткерлер эссе жазып, әңгімелесуден өтеді. Ал атқарушы қызметке жұмысқа тұрғысы келетін жандар практикалық бағалау кезеңі бойынша тапсырмалар орындайды. Бұл жаңа ереже бармақ басты, көз қыстылық әрекеттерді жоюға мүмкіндік береді.
Жаңа форматтың тиімділігін көрген жастың бірі – Әмір Баукенов. Ол облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасында еңбек етеді. Жұмысқа тұрғанына бір апта ғана болған. Азамат қазіргі таңда жаңа қызметке бейімделіп жүр. Бұл тұрғыда әріптестері оған зор қолдау көрсетуде. Айта кету керек, Әмір Баукенов – жергілікті университеттің түлегі.
ӘМІР БАУКЕНОВ, СҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының бас маманы:
– Мемлекеттік қызметте жүріп кәсіби тұрғыда дамып, қоғам игілігі үшін еңбек еткім келеді. Алдымен мен заңнаманы білу, мемлекеттік тілді меңгеру және жеке қасиеттерді бағалау бойынша тест тапсырдым. Келесі кезеңде практикалық және жағдаяттық тапсырмаларды орындадым. Басты мақсатым – ел игілігі үшін еңбек ету, білікті маман атану.
Айта кету керек, жаңа талап бойынша аудандық атқарушы органдарға жұмысқа университетте үздік оқыған жастар конкурссыз тұра алады. Биыл бұл мүмкіндікті 25 адам пайдаланған. Алайда, өңірде мемлекеттік қызметке 180-нен астам маман жетіспейді.
Нурасыл Ахмет