Сұрапыл соғыс сексенге таяған Нұрмұхамет Исмагиловтың әлі де қабырғасын қайыстырады. Отты жылдары бұл отбасыдан 4 азамат майдан даласына аттаныпты. Соның екеуі елге аман оралды. Қалғаны қаза тапты. Жүректе жазылмас жара жатыр.
НҰРМЕХАМЕТ ИСМАГИЛОВ, қала тұрғыны:
– Әкем және оның үш бауыры бір күнде аттанды. Тағы нағашы жағымнан және қайын жұртымнан бес адам кетті. Біз бір ауылда тұрдық. Майданнан әкем, ағасы және жарымның әкесі қайтып келді. Қалғандары Польшада және Беларусь жерінде ажал құшқан. Олар от кешті, қиындық көрді. Қазір 79 жастамын, немерелеріме осы батырлардың ерлігін үнемі айтып отырамын.
Ақсақал әкесінің ағасы Хусаин Деникаевпен мақтанады. Ол фашистердің ең қатыгез лагері – Собиборда көтеріліс ұйымдастырғандардың бірі. Жүздеген тұтқынды ажалдан құтқарған. Кеңес Одағының батыры жеңіске бірнеше ай қалғанда өмірмен қоштасыпты. Жерлесіміздің қайын атасы Ғариф Сюнекаев та ерлік жасаған. Десантшылар тобының командирі болған майдангер Минск түбінде жау әскерінің парашютпен секірген құрамын құртқан.
НҰРМЕХАМЕТ ИСМАГИЛОВ, қала тұрғыны:
– Менің қайын атам Ғариф Фазылұлы темірге теңерлік адам еді. Жеті жыл бойы майдан шебінде болды. Денесінде оқ іздері қалған, үш рет контузия алған. Соған қарамастан елге келді, өз қолымен үй салып, ауылда беделді басқарушы болды. Өкінішке қарай, 1987 жылы 67 жасында Становое ауылында дүниеден өтті.
80-ге таяған ақсақал Нұрмұхамет Исмагилов екі бала өсіріп, бүгінде немере-шөбере сүйіп отыр. Олардың барлығы майдан даласында қалған боздақтардың есімін біледі, елге қайтқандарының ерлігін, еңбегін құрметтейді.
Жангельды Жамалиев