Қоғам

Даңқ ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Бүгін қызылжарлықтар қалалық саябаққа жиналып, Ұлы Жеңіс күніне орай Даңқ ескерткішіне гүл қойды. Салтанатты шараға еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында қаза тапқан боздақтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Еске алу шарасына қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Геннадий Языков жыл сайын қатысады. Оның әкесі мен жақын туыстары майданның алдыңғы шебінде болып, елге аман-есен оралған. Қария үшін бұл күн – ата-анасының ерлігін жаңғырту күні.

ГЕННАДИЙ ЯЗЫКОВ, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:
– Айтулы күнде батыр бабаларымыз бен аға буынның ерлігіне тағзым етіп, басымызды иеміз. Олар елдің амандығы мен жастардың болашағы жолында жандарын пида етті. Менің екі әкем де майдан даласында болды: Назар Васильевич ауыр жараланса, Семен Васильевич Берлинді алуға қатысты. Олардың өз аузынан естіген естеліктер мен үшін ең қымбат қазына болып қала бермек.

Шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, бейбіт күннің құндылығын ұғындыру. Мәдениет саласының мамандары батырлардың есімін ұлықтау – кейінгі толқынның парызы екенін айтады.

АРМАН БҰХАРОВ, қалалық мәдениет үйінің қызметкері:
– Бұл – ата-бабаларымыздың, нағыз батырлардың естелігіне тағзым етіп, басымызды иетін сәт. Бұл шараның негізі – ата-бабамыздың ерлігі. Солардың ерлігі жастарға үлгі болып қалады. Сол себепті, бұл іс-шараның маңызы өте зор деп санаймын.

Айта кетейік, кезінде өңірден соғысқа 116 мың адам аттанса, соның 45 мыңы майдан даласында қаза тапқан.

Жангельды Жамалиев