ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
– Осыдан 33 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Осы тарихи шешімнің нәтижесінде 7 мамыр Отан қорғаушылар күні болып бекітілді. Міне, содан бастап мемлекетімізде ерлік, міндет, абыройды қатар алып жүрген жандардың мерекесі әр жыл сайын аталып келеді.
Петропавлдың бас алаңында өткен салтанатты шара Көк байрақтың ұлықталуымен басталды. Бұл күн – мемлекеттің мызғымас қорғанына айналған айбынды әскеріміздің кәсіби мерекесі. Ресми жиында сөз алған аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов сарбаздардың ел алдындағы жауапкершілігін ерекше атап өтті. Ол өз құттықтауында батырлық дәстүрдің тарихи маңызына тоқталды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Баршаңызды 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – ел тыныштығы мен тәуелсіздігінің берік негізі болған айбынды армиямызға деген құрметтің белгісі. Ерлік пен елдің рухын қатар ұстаған азаматтарымыз әрдайым мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұтастығын қорғап, халықтың сенімін абыроймен ақтап келеді. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында туған жерді жанымен қорғап, ел намысын биік ұстаған батыр ұл-қыздарының ерлігі ұлт жадында мәңгілікке сақталған.
Жиында облыстың дамуына үлес қосып, қызметінде адалдық танытқан бірқатар қызметкерге құрмет көрсетілді. Марапат алғандардың қатарында ПД штабының аға инспекторы Кәмшат Сәбитова да бар. Ол адал еңбегі мен жауапты іске деген табандылығы үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Бұдан кейін орталық алаңға әскери қызметшілер мен нәзікжандылар шықты. Жастар жұртшылыққа офицерлік вальс биін ұсынды. Вальс ырғағынан соң арнайы бөлімшелердің қатысуымен көрсетілімдік бағдарлама өтті. Сарбаздардың жауынгерлік айбынын тамашалаған қала тұрғындарының да көңіл-күйі көтеріңкі. Солтүстікқазақстандықтар ортақ мерекеде ақжарма тілектерін арнап, елдің тыныштығын тіледі.
– Бүгінгі мейраммен баршаңызды құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Ең бастысы – жақсылық болсын, қуаныш болсын, той болсын.
– Мереке құтты болсын! Отан қорғаушылар күні құтты болсын. Отанға тыныштық, елімізге бірлік берсін. Тек жақсылық болсын”.
– Барша солтүстікқазақстандық ер азаматтарды 7 Мамыр мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат және отбасылық бақ-береке тілеймін. Мәртебелеріңіз биік, еңбектеріңіз жемісті болсын!.
Мерекелік думан концерттік бағдарламамен қорытындыланып, сахнада патриоттық әндер шырқалды. Шығармашылық ұжымдардың өнері жиналған қауымға рух беріп, мерекенің мазмұнын байытты.
Жангельды Жамалиев