Ауыл шаруашылығыҚоғамӨнеркәсіп

Солтүстік Қазақстанда биоэтанол өндірісі дамып келеді

Солтүстік Қазақстан облысындағы «BioOperations» кәсіпорны бүгінде Орталық Азиядағы астықты терең өңдейтін бірегей өндіріс орындарының бірі саналады. Зауыт жылына 300 мың тоннаға дейін бидай өңдейді. Бұл – өңірдегі жалпы астық өндірісінің шамамен 10 пайызы. Қазір мұнда 550-ге жуық адам еңбек етеді, ал өндіріс тәулік бойы төрт ауысыммен тоқтаусыз жұмыс істейді.

АЙДАРХАН СӘРСЕМБАЕВ, «KazFoodProducts» ЖШС бас директорының орынбасары:

– Біздің кәсіпорынның ерекшелігі – қалдықсыз өндіріске жақын технологияны қолдануында. Бидай толықтай өңделеді. Бір бөлігі тағам өнеркәсібіне бағытталса, қалған өнімдер биоэтанол өндірісінде пайдаланылады. Қазір өнімдеріміз әлемнің 33 еліне экспортталып жатыр.

Кәсіпорынға жеткізілген астық алдымен алдын ала тазартудан өтеді. Кейін арнайы диірмен кешенінде ұнтақталып, технологиялық ұн алынады. Одан әрі ылғалды өңдеу процесі арқылы крахмал мен клейковина бөлініп шығады. Ал қалған қалдықтар биоэтанол мен көмірқышқыл газын өндіруге бағытталады. Кәсіпорында өндірілетін крахмал тағам және өнеркәсіп саласында қолданылса, глютен мал азығын әзірлеу бағытында пайдаланылады. Мамандардың айтуынша, зауыттағы барлық процесс автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланады. Өндіріс бірнеше цехқа бөлінген. Әр кезеңде өнім сапасы тексеріліп отырады. Ал кәсіпорынның экспорт географиясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Биыл компания алғаш рет Жапония нарығына бидай клейковинасын экспорттай бастаған.

АЙДАРХАН СӘРСЕМБАЕВ, «KazFoodProducts» ЖШС бас директорының орынбасары:
– Қазір биоэтанолға сұраныс өте жоғары. Әсіресе Еуропалық Одақ елдері экологиялық отынға басымдық беріп отыр. Біздің өнім халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Сондықтан, экспорт көлемі кезең-кезеңімен артып келеді.

Зауыттағы маңызды бөлімдердің бірі – диірмен кешені. Мұнда астық бірнеше кезең бойынша өңделеді. Операторлар өндірістің үздіксіз жүруін қадағалап, технологиялық көрсеткіштерді тұрақты бақылауда ұстайды. Кәсіпорын мамандарының сөзінше, өндірістегі қауіпсіздік талаптарына ерекше көңіл бөлінеді.

ЕВГЕНИЙ КЕЛИН, «BioOperations» ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:
– Біздің кәсіпорын базасында арнайы оқу сыныбы ашылған. Компания оқыту жүргізуге лицензия алған. Қызметкерлер арнайы дайындықтан өтіп, жұмысқа рұқсат беретін сертификат алады. Себебі, біз үшін ең басты бағыттардың бірі – техника қауіпсіздігі. Кәсіпорында 500-ден астам адам жұмыс істейтіндіктен, бұл мәселеге ерекше көңіл бөлеміз.

Қазір кәсіпорын жылына шамамен 30 мың тонна биоэтанол өндіреді. Оның негізгі бөлігі Еуропа елдеріне экспортталады. Себебі, қазақстандық өнім экологиялық тұрақтылық талаптарына сай келеді. Бүгінде биоэтанол экологиялық бензин мен авиациялық отын өндіруде кеңінен қолданылып жатыр. Биыл компаниялар тобы Қостанай облысында экологиялық авиаотын – SAF өндіретін зауыт құрылысын бастайтынын жариялады. Сонымен қатар, астықты терең өңдейтін екінші кәсіпорын салу жоспарланып отыр. Жаңа өндіріс орындары биоэтанол жеткізіп, экологиялық отын өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар тек экономиканы дамытуға емес, экологиялық жағдайды жақсартуға да ықпал етеді. Себебі, биоэтанол қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтып, экологиялық таза отын өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.

Жангельды Жамалиев