НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:
– Менің артымда тұрған тақтайлар Ресейден әкелінген. Ағаш материалдары шекара асып, өңірге келген кезде АШМ облыстық аумақтық инспекциясы жіті тексерген. Нәтижесінде араларынан қарағайдың қара мұртты қоңызы табылған. Талап бойынша тақтай бірден жойылуы тиіс.
ГҮЛНҰР ӘУБӘКІРОВА, ҚР АШМ облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы:
– Ресейден әкелінген тақтайлардың жалпы көлемі 30 текше метрді құрайды. Оқиға 28-ші сәуір күні орын алды. Соттың шешімімен кәсіпкерге айыппұл салынды.
Мамандар тақтайларды күйдіру алдында бөлшектеп кесті. Содан кейін барып арнайы пешке салып күйдірді . Облыстық аумақтық инспекцияның мамандары фитосанитариялық бақылау кезінде өнімнен зақымдану белгілерін байқап, сынама алған. Зертханалық сараптама қорытындысы бойынша ағаш құрамында зиянкестің бар екені анықталды. Оны мына суреттерден көруге болады. Талапқа сай емес өнімді елге кіргізген кәсіпкерге 130 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Айта кету керек, қарағайдың қара мұртты қоңызының дернәсілдері орман қорына орасан зор зиян келтіреді. Ол ағашты кеміріп, оның құрылымын бұзады. Тіпті жан-жаққа таралып, орман алқаптарының солуына да себепкер болады. Бұл жәндік жайлы бізге 10 жылдан астам тәжірибесі бар дендролог Тимур Зверяченко айтып берді.
ТИМУР ЗВЕРЯЧЕНКО, дендролог:
– Қарағайдың қара мұртты қоңызының дернәсілдері ағаш діңін ішінен кеміріп, сапасын жояды. Сонымен қатар, бұтақтарын зақымдайды. Түрлі ауруларды да таратуы мүмкін. Айта кетейін, аталған зиянкес сау жасыл желекті зақымдай алмайды. Бұрын отқа оранған немесе ауырған ағашқа ғана өз зиянын тигізеді алады.
Тимур Зверяченконың сөзінше, қарағайдың қара мұртты қоңызының дернәсілдері екі айдың ішінде ағашты жоқ қылып жібере алады. Ал аталған жәндік зақымдаған материалдан үй салынса тақтай уақыт өте келе шіріп кетеді. Сондықтан, бірден дезинсекция жұмыстарын жүргізген жөн. Бұл зиянкес өңірде көп кездесе бермейді екен. Айта кету керек, облыстың орман қоры 688 мың гектардың құрайды. Оның 8 пайызын қарағай алып жатыр.
Нурасыл Ахмет